Елорда азаматтарды қабылдау орталығында әдепсіз әрекет жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматқа 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Aikyn.kz
Оқиға 2026 жылғы 24 тамызда сағат 09:28 шамасында Мәңгілік ел даңғылында орналасқан Азаматтарды қабылдау орталығында болған.
Сот материалдарына сәйкес, азамат Ж. металл іздегіштен өту кезінде шалбарын шешіп, әдепсіз әрекет жасаған. Сот оның бұл әрекетін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған ұсақ бұзақылық ретінде бағалады.
Дегенмен азамат өз кінәсін мойындамай, әрекетін әзіл ретінде жасағанын айтқан. Алайда оның кінәсі іс материалдары мен оқиға бейнежазбасы арқылы дәлелденген.
Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, не 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған.
Жаза тағайындау кезінде сот азаматтың әрекетінің сипаты мен қоғамды анық құрметтемеуін ескерді. Сонымен қатар сот ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес, 63 жастан асқан адамдарға әкімшілік қамақ қолданылмайтынын назарға алды.
-Сот қаулысымен Ж. кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге (20 АЕК) мөлшерінде айыппұл тағайындалды, - деп хабарлады Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.