20 жастағы алматылық бойжеткен 7 жылға сотталды: ол Telegram арқылы тапсырма орындаған

Прокуратура Telegram мессенджерінде «оңай табыс», «курьер» немесе «закладка» секілді жұмыс ұсынатын хабарламаларға сақ болуға шақырды.

Алматыдан Ақтауға келген 20 жастағы бойжеткен Telegram арқылы есірткі таратуды көздеп, «закладка» жасауға кіріскен. Алайда оның қылмыстық әрекеті дер кезінде әшкереленді, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, бойжеткен синтетикалық психотроптық заттарды «тығын» (закладка) тәсілімен тарату мақсатында Ақтау қаласына келген. Жедел іс-шара барысында оның жанынан есірткі затының 27 орамы тәркіленген.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралды. Ақтау қалалық сотының үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.

–  Telegram мессенджерінде «оңай табыс», «курьер» немесе «закладка» секілді жұмыс ұсынатын хабарламаларға сақ болуға шақырды. Мұндай ұсыныстар – ақша табудың оңай жолы емес, қылмыстық жауаптылыққа апаратын жол. Бірнеше мың теңге үшін өміріңізді құртып алмаңыз, – деп ескертті прокуратура.