Елорданың білім беру ұйымдарындағы 12 мыңнан астам бейнекамера жедел басқару орталығына қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Елордалық Полиция департаменті Білім басқармасымен бірлесіп, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларын полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығару жобасын жүзеге асыруда.
Қазіргі таңда қаладағы 224 білім беру ұйымынан бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері жедел басқару орталығына қосылған. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, колледждер және жоғары оқу орындары бар. Жалпы, жүйеге 12 мыңнан астам бейнекамера шығарылған.
Бұл жүйе білім беру ұйымдарындағы жағдайды тұрақты бақылауға, ықтимал құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және оқиға болған жағдайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында орнатылған дабыл түймелері төтенше жағдай туындаған кезде полицияға шұғыл хабар беруге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен білім беру ұйымдарында 100-ден астам құқықбұзушылық анықталған. Негізгі анықталған фактілер қатарында төбелес, шылым шегу және спирттік ішімдік ішу жағдайлары бар.
Бейнебақылау жүйесін полицияның жедел басқару орталығына шығару – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі. Оның көмегімен құқықбұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, орын алған оқиғаларға жедел ден қоюға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік бар.
Полиция білім беру ұйымдарымен бірлесіп, оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.