24 тамыз күні Атырау облысында патрульдік полиция қызметкерлері Наурызбек Сұлтанов пен Әліби Жасталапов және Әкежан Бекболат қызметтік міндеттерін атқару барысында жол бойында велосипедпен келе жатқан шетел азаматын байқаған. Саяхатшы Ресейден Қазақстан арқылы Үндістанға велосипедпен жол тартып келе жатқан. Алайда жолда адасып, интернетке қосылуда қиындықтарға тап болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицейлер шетелдік азаматқа бірден көмек көрсетіп, SIM-картасын іске қосуға және интернетке қосылуына жәрдемдесті. Сонымен қатар оның қонақүй таба алмай жүргенін білген тәртіп сақшылары жақын маңнан қонақүй тауып, орналасуына көмектесті.
Осылайша, патрульдік полиция қызметкерлері жол үстінде қиындыққа тап болған саяхатшыға қолдау көрсетіп, оның сапарын әрі қарай жалғастыруына жағдай жасады. Көрсетілген көмекке риза болған саяхатшы полицейлерге алғыс білдірді.