Қостанай қаласында әл-Фараби даңғылының бойында үш қабатты әкімшілік ғимараттың жанында өрт шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ғимараттың маңында басталып, кейін оның қаптамасына, үшінші қабаттағы кабинетке және шатырына тараған. Сонымен қатар өрт ғимараттың қасында тұрған екі жеңіл автокөлікті шарпыған. Өрттің аумағы нақтылануда.
Өртті сөндіру барысында ТЖМ қызметкерлері екінші қабатта болған әйелді құтқарды. Арнайы құтқару капюшонының көмегімен әйел ғимараттан шығарылып, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.
– Оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылды. ТЖД күштері мен құралдары шақырудың №2 жоғарылатылған дәрежесі бойынша жұмыс жүргізуде, – делінген ақпаратта.
Зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.