COVID-19: жамбылдықтар жұдырықтай жұмылды
COVID-19: жамбылдықтар жұдырықтай жұмылды
100
оқылды
Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті Жамбыл жеріне де жетті. Бұл жайында сәрсенбі күні жергілікті билік өкілдері ресми түрде мәлім­деді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, ауру жұқтырған азамат Қырғыз мемлекетінен келген. – 25 наурызда облысымызда ал­ғашқы коронавирусты инфек­циямен ауырған науқас тіркелді. 29 жастағы Шу ауданының тұр­ғыны 23 наурызда Қырғыз Рес­пуб­ликасынан келген. Қазіргі уа­қытта науқас облыстық балалар жұқ­палы аурулар ауруханасында ем алуда. Барлық қажетті эпиде­мияға қарсы іс-шаралар жүргізілу­де. Байланыста болған тұлғалар да анықталды. Азаматтың тұрғы­лықты мекенжайын залалсыз­дан­дыру және қарым-қатынаста болған тұлғаларды оқшаулау жұ­мыстары жүргізілді. Бас мемле­кеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қау­лысына сәйкес 1 A санатындағы елдерден келген 4 азамат және 1 Б санатындағы елдерден кел­ген 67 азамат үй карантиніне оқ­шауланды. Айрықша атап өтер жайт, қазір әлеуметтік желіде коронавирус пан­демиясына байланысты түр­лі ақпарат жариялануда. Мә­се­лен, Т.Рысқұлов ауданында ко­ро­навирус тіркелгені бірнеше күннен бері қызу талқылануда. Шындығында, аталмыш ауданда індет жұқтырғандар анықталған жоқ. Сол себепті ресми орган өкіл­­дері растамаған мәліметке сен­беуге шақырамын,–деген Марат Сейтбекұлы жалған ақ­парат таратушылар қылмыстық жауап­кершілікке тартылатынын баса айтып өтті. Жалпы, осы жайттан кейін облыста сақтық шаралары екі есе күшейе түсті. Бұған дейін өңірде орнатылған төрт блок-бекеттегі бақылау да жіті назарға алынды. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданын­дағы өткізу бекеті Бірлік ауылдық округінде жұмыс жүргізуде. Ін­детті алдын алу және болдырмау мақ­сатында құрылған блок-бекет Қа­рағанды және Нұр-Сұлтан тас­жолы бағытынан келетін көлік­терді бақылауда ұстап тұр. Өткізу бекетінде аудандық полиция бө­лімінен – 2, облыстық полиция ба­тальоннан – 2, СЭС – 3, аудандық орталық ауруханадан – 2 және ауыл әкімшілігінен 1 адамнан кезекшілік құрылған. Және мамандар қа­жетті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілген. Барлық мемле­кет­тік және мемлекеттік емес ме­­ке­мелер «бетперде тағу» режи­міне көшкен. Сонымен қатар Ақ­бақай ауылындағы «Ақ­бақай АК» ірі кә­сіпорнына кіріп-шығу бекетінде сырттан келетін көлік­тердің барлығына санитарлық дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қатаң бақылау режимі сақталуда. Екінші өткізу бекеті Қор­дай ауданында орналасқан. Ал­маты облысынан Жамбыл өңі­ріне кіреберістегі «Қарасу» ке­ден бекетінде коронавирусқа бай­ланысты алдын алу шаралары ба­рынша күшейтілген. Әрбір өт­кен адамның деректері бойын­ша сауалнама толтырылып, ал ме­дицина мамандары тепловизор­лардың көмегімен олардың дене қызуын тексеруде. Өткізу бекетіне бекітілген мамандар күніне екі рет санитарлық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Жуалы ауданы аумағында коронавирус инфекциясының ал­дын алу және болдырмау мақ­сатында екі санитарлық бекет құрылған. Оның бірі – Шақ­пақ ауылдық округі, яғни «Батыс Еуропа –  Батыс Қытай» ха­лы­қара­лық дәлізінің бойында орна­лас­қан болса, екіншісі – Қош­қарата ауылдық округінде. Мұнда да ар­найы құрылғымен қам­тамасыз етіл­ген мамандар жүргізу­шілер мен жолаушыларды жіті тек­се­ріп, сақтық шараларын қырағы атқаруда.    width= Өңірдегі төртінші бекет Са­рысу ауданы Жайылма ауы­лындағы «Сарысу – Созақ» шека­расына орналастырылған. Сон­дай-ақ сақтық шараларын сақтау мақ­сатында Жаңатас–Шымкент тас­жолының 23 және 45 шақы­рымдары жабылған. Блок-бекет құрылған 19-22 наурыз аралығында 326 көлік тексерістен өтіп, 756 адам­ға арнайы анкета толтырылған. Бұл жұмыстар бүгінде штаттық режимде жалғасуда. Осылайша, Жамбыл облысы өңірді төрт тұсынан қымтап отыр. Алайда бұл коронавирус індетінің аймаққа енуіне кедергі бола алмағанын көз көруде. Сондықтан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы құрылған штаб мүшелерінің басын шұғыл жинап, нақты тапсырмаларын тағы бір мәрте айқындады. Оның бастысы– төтенше жағдай кезінде бағаның өспеуі. Ол үшін тұрақтандыру қоры тиянақты жұмыс істеуі керек. Сол үшін Бердібек Машбекұлы әр жерде құбылып жатқан бағаны бақылауда ұстауды жауапты сала мамандарына жіті тапсырды. Екінші мәселе – бетперде тап­шылығы. Бұл жайтты жергі­лікті билік өңірде орналасқан «СуперФарм» серіктестігі арқылы шешкендей. Қазір өндіріс орны қуатты күшін екі есеге арттырып, тәулігіне 70 мың маска шығаруда. Одан бөлек, жекеменшік тігін цехтары мен ерікті жастар да қол­дан бетперде тігіп, түйткілдің түйінін тарқатуға үлесін қосуда. Үшінші мәселе – қоғамдық көліктің жүйелі қатынауы. Бұл жайтқа қатысты қара халықтың та­рапынан айтылып жатқан сын да, тағылып жатқан мін де көп. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та баса айтып, тасымал­даушы компаниялардың жұмысын сын тезіне алды. Өз кезегінде ком­пания өкілдері тасымалдау құны­ның төмендігін айтып ақталса, ай­мақ басшысы қазіргідей қиын жағдайда бағаны өсіріп, бұ­­қараға ауыртпалық салуға бол­­майтынын шегелеп тұрып ес­кертті. Ал қоғамдық көліктердің жұмы­сын жеңілдету үшін мемлекет тара­пынан субсидия қарау жайын кө­теретінін айтты. Осы уәде негі­зінде облыс орталығындағы қоғам­дық кө­ліктер кешеден бастап қалыпты жұмыс ре­жиміне қайта көшті. Бұдан бөлек, қазір Тараз қаласы мен аудандарда құрылған мобильдік топтар әлеуметтік нысандарды тексерумен қатар, залалсыздандыру жұмыстарын да жүргізуде. Облыс орталығында бұл жұ­мыстармен «Халықтың ден­саулық орталығы» жауап­кер­­шілігі шектеулі серіктестігі ай­­на­лысуда. Олар тәулігіне екі мәрте аял­да­малар мен қоғамдық орын­­дарды дәрілеп, халық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Дәл осындай топ облыстағы он ауданды да дезинфекциялауда. Сонымен қатар осы аптада Тараз қаласындағы көпбалалы аналар «Өз аулам – өзімнің денсаулығым!» ұранымен тұрғылықты жерлерін залалсыздандыруға кірісті. Қажетті дезинфекциялық материалдармен жергілікті билік қамтамасыз етсе, аналар аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, жамбылдықтар ортақ мүдделі істе жұдырықша жұмылуда. Бір сөзбен айтқанда, Жам­был­дағы жағдай қалыпты. Шу ауданында тіркелген бір науқаспен байланысқа түскендер карантинге алынып, ауырған азаматтың коронавирусқа талдауы қосымша зерттеу үшін Алматы қаласына жіберілді. Мейрамханалар мен кафелер, сауда орындары мен базарлар бекітілген уақыт шектеуі бойынша жұмыс жасап, төтенше жағдай кезіндегі барлық талаптарды ұстануда. Егер COVID-19 белгілері байқалса, жедел жәрдем мен ме­дицина мамандары да дереу жетуге сақадай-сай дайын тұр.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы