Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті Жамбыл жеріне де жетті. Бұл жайында сәрсенбі күні жергілікті билік өкілдері ресми түрде мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, ауру жұқтырған азамат Қырғыз мемлекетінен келген.
– 25 наурызда облысымызда алғашқы коронавирусты инфекциямен ауырған науқас тіркелді. 29 жастағы Шу ауданының тұрғыны 23 наурызда Қырғыз Республикасынан келген. Қазіргі уақытта науқас облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда. Барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Байланыста болған тұлғалар да анықталды. Азаматтың тұрғылықты мекенжайын залалсыздандыру және қарым-қатынаста болған тұлғаларды оқшаулау жұмыстары жүргізілді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысына сәйкес 1 A санатындағы елдерден келген 4 азамат және 1 Б санатындағы елдерден келген 67 азамат үй карантиніне оқшауланды.
Айрықша атап өтер жайт, қазір әлеуметтік желіде коронавирус пандемиясына байланысты түрлі ақпарат жариялануда. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында коронавирус тіркелгені бірнеше күннен бері қызу талқылануда. Шындығында, аталмыш ауданда індет жұқтырғандар анықталған жоқ. Сол себепті ресми орган өкілдері растамаған мәліметке сенбеуге шақырамын,–деген Марат Сейтбекұлы жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын баса айтып өтті.
Жалпы, осы жайттан кейін облыста сақтық шаралары екі есе күшейе түсті. Бұған дейін өңірде орнатылған төрт блок-бекеттегі бақылау да жіті назарға алынды. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданындағы өткізу бекеті Бірлік ауылдық округінде жұмыс жүргізуде. Індетті алдын алу және болдырмау мақсатында құрылған блок-бекет Қарағанды және Нұр-Сұлтан тасжолы бағытынан келетін көліктерді бақылауда ұстап тұр. Өткізу бекетінде аудандық полиция бөлімінен – 2, облыстық полиция батальоннан – 2, СЭС – 3, аудандық орталық ауруханадан – 2 және ауыл әкімшілігінен 1 адамнан кезекшілік құрылған. Және мамандар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер «бетперде тағу» режиміне көшкен. Сонымен қатар Ақбақай ауылындағы «Ақбақай АК» ірі кәсіпорнына кіріп-шығу бекетінде сырттан келетін көліктердің барлығына санитарлық дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қатаң бақылау режимі сақталуда.
Екінші өткізу бекеті Қордай ауданында орналасқан. Алматы облысынан Жамбыл өңіріне кіреберістегі «Қарасу» кеден бекетінде коронавирусқа байланысты алдын алу шаралары барынша күшейтілген. Әрбір өткен адамның деректері бойынша сауалнама толтырылып, ал медицина мамандары тепловизорлардың көмегімен олардың дене қызуын тексеруде. Өткізу бекетіне бекітілген мамандар күніне екі рет санитарлық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.
Жуалы ауданы аумағында коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау мақсатында екі санитарлық бекет құрылған. Оның бірі – Шақпақ ауылдық округі, яғни «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан болса, екіншісі – Қошқарата ауылдық округінде. Мұнда да арнайы құрылғымен қамтамасыз етілген мамандар жүргізушілер мен жолаушыларды жіті тексеріп, сақтық шараларын қырағы атқаруда.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы