Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылу керек екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», – деді Президент.
Осы тұста Президен Ұлы Абайдың «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген сөзін мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.
«Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние. Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс.
Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін. Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды.
Нағыз отаншылдық дегеніміз, бұл – жемісті, табанды еңбек. Әр саладағы еңбек – маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайды. Еңбек, бұл – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады», – деді Президент.