«Әділет» партиясы сайлауалды штаб командасына алғыс хаттар табыстады

Астанада «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штаб командасын марапаттау рәсімі өтті.

Партия төрағасы сайлау науқаны кезінде еңбек еткен кандидаттарға, штаб қызметкерлеріне, сенімді өкілдерге, бақылаушыларға, заңгерлерге, сарапшыларға, еріктілер мен белсенділерге алғыс айтты. Ол сайлау нәтижесін ең алдымен азаматтардың партияға білдірген зор сенімі мен үлкен жауапкершілік деп есептейтінін жеткізді.

«Бұның артында халқымыздың зор сенімі, әрқайсымыздың табанды еңбегіміз тұр. Ендігі міндетіміз – нақты іспен жауап беру. Алда бәрімізді үлкен жауапкершілік, ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтып жатырмыз. Сондықтан бүгінгі жеңіс мәреге жеткеніміздің белгісі емес, бұл – жаңа кезеңнің басталуы деп қабылдауымыз керек», - деді Айбек Дәдебай.

Партия төрағасы алда тұрған жаңа бірпалаталы Құрылтайдың жұмысына да тоқталды. Ол Мемлекет басшысы Құрылтай сайлануын еліміздің дамуындағы тарихи маңызы зор оқиға деп атап, жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың саясатқа келуіне ерекше мән бергенін еске салды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай сайлануын еліміздің дамуындағы тарихи маңызы зор оқиға деп атап өтті. Жаңа бірпалаталы Құрылтай ел дамуына тың серпін беретініне үлкен үміт артатынын да айтты. Президентіміз Құрылтайға жаңа тұлғалар, жаңа идеялардың келгеніне ерекше мән берді. Әсіресе жастардың ел ісіне араласып, мемлекетімізді дамытуға тікелей атсалысуына мүмкіндік беру қажеттігін жеткізді. Бұл енді бізге артылған міндет, сондықтан осыны жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар бұл жаңа Құрылтайға да үлкен міндет пен жауапкершілікті жүктеп отыр», - деді Айбек Дәдебай.

«Әділет» партиясы фракциясының негізгі міндеттері – қабылданатын заңдардың сапасын арттыру, азаматтар алдындағы уәделерді орындау және әрбір заңның ел дамуына қызмет етуін қамтамасыз ету. Алдағы жұмыстың тағы бір басымдығы өңірлермен тұрақты байланыс орнатып, азаматтардың пікірін ескеру болмақ. Сайлау науқаны кезінде түскен ұсыныстар, өтініштер мен талап-тілектер жүйеленіп, партияның алдағы жұмысында ескеріледі.

Айбек Дәдебай азаматтарға партияның бастамаларының жүзеге асырылуы туралы ашық әрі тұрақты түрде ақпарат берудің маңызын ескертті. Сонымен қатар фракция жұмысы елдегі әр азаматтың мүддесін ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін айтты.

Жиын соңында республикалық сайлауалды штаб қызметкерлері, сенімді өкілдер, бақылаушылар, сарапшылар, волонтерлер мен сайлау науқанына қатысқан белсенділер алғыс хаттармен марапатталды.

Сайлау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы сайлаушылардың 71,17% дауысын жинады. Сайлау науқаны барысында елімізде 247 сайлауалды штаб жұмыс істеді. Кандидаттар, сенімді өкілдер мен үгіт топтары қалалар мен ауылдардың тұрғындарымен, түрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың өкілдерімен кездесті. Мобильді керуендер шалғай елді мекендерге барды. Дауыс беру күні партияның бақылаушылары мен сенімді өкілдері сайлау учаскелерінде жұмыс істеді.

Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнадан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy