Сауда серіктестігінің берік негізі

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Ли Сянь Лунның алғашқы сапары еліміз үшін тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

– Осыдан 35 жыл бұрын, Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңын­да, яғни 1991 жылдың қыркүйегінде әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанға келді. Сол сапар өзара қарым-қатынасымыздың бе­рік негізін қалаған еді. Біз Сингапур басшылығының көреген сая­сатын жоғары бағалаймыз. Қаржы, сауда, инновация мен тех­нологияның жаһандық орталығына айналудағы жетіс­тік­теріңіз таңғалдырады. Сіздің еліңіздің тәжірибесі бүкіл ха­лық­ара­лық қоғамдастыққа үлгі болып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастың қар­қынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оған дәлел – тұрақты сая­си диалог, сауда-саттықтың өсімі және сингапурлық капи­талдың көптеп тартылуы.

– Қазақстан мен Сингапур Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлерінде ірі сауда серіктестері болып қала береді. Қа­зақстанда 500-ге тарта Сингапур капиталы бар компания жұмыс іс­тейді және олардың қатары арта түсуде, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдеріміз көпжақты фор­маттар аясында тығыз байланыс орнатқан. Екі мемлекет те орта держава саналады. Осы орайда Президент халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша тараптардың ұста­нымдары ұқсас екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды сая­си өзгерістер туралы әңгімеледі. Мемлекеттік басқару мен сая­си жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған бастамалар «Күш­ті Президент, ықпалды Құрылтай және есеп беретін Үкі­мет» қағидатына негізделген.

Мемлекет басшысы Қазақстан қолайлы инвестициялық кли­мат қалыптастыруға және шетелдік инвесторлардың құ­қы­ғын қорғауға баса назар аударатынын айтты. Елімізде бірқатар син­гапурлық компания мен қорлар, соның ішінде PSA International, Temasek Holdings сияқты кәсіпорындар табысты қыз­мет етуде.

Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық бары­сы талқыланды.

– Біз авиациялық хабты дамыту аясында арта түскен сұра­ныс­қа сай болу мақсатында Астанада жаңа заманауи әуежай салу жөнінде шешім қабылдадық. Осы орайда Сингапурдың озық тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырып отыр. Чанги әуе­жайы әлемдік авиацияда «алтын стандарт» ретінде танылған. Тиім­ділігі жоғары әрі озық инновациялар енгізілген кешен жолау­шыларға мінсіз қызмет көрсетеді. Біз жаңа жобаны іске асыру­да осы тәжірибені ескеріп, авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур арасында жа­сан­ды интеллект және цифрландыру бойынша ықпалдастықты жандандыруды ұсынды.

– Қазақстан – цифрлық мемлекет. Еліміз цифрлық тех­но­ло­гия мен жасанды интеллект саласында көш бастайды. Бұған осы салада жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар ықпал етті. Біз Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құ­рып, Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жария­ладық, – деді Президент.

Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун екіжақты ынты­мақ­тастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүм­кіндік бергені үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық дамуындағы елеулі жетістіктерді атап өтті.

– Алғашқы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттық­тай­мын. Сіздің жетекшілігіңізбен іске асырылып жатқан ау­қым­ды саяси реформаларды қолдаймыз. Екіжақты қарым-қа­ты­насымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілді. Қазақстан ком­панияларының Сингапур нарығына қызығушылығы артып келе­ді. Осыған байланысты келісімшарт-құқық базасы да ойда­ғы­дай дамуда. Инвестицияларды өзара қорғау, сондай-ақ көрсе­тіле­тін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келі­сімдер ратификацияланды. Мұны атап өткен жөн, – деді Ли Сянь Лун.

Әңгімелесу барысында экономика, көлік-логистика, «ақыл­ды» қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, аса маңызды ми­нералдар және туризм салаларындағы ықпалдастықты кеңейту перспективасына баса мән берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Ли Сянь Лунды I дәрежелі «Достық» орденімен мара­пат­тады.