Жәнібеков кесенесі қайта жаңғыртылды

Биыл ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 95 жыл.

Ұлттық сананың жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрілігінің тікелей қолдауымен Түркістан облысы Отырар ауданындағы Өзбекәлі Жәнібеков кесенесінде ғылыми-реставрация жұмыстары  жүргізілді. 

Этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәні­бе­ков­тің кесенесі 1998 жылы бой көтерген.

Тарих сахнасында «Мәдени майдан» қай­раткері атанған Өз-ағаңның кесе­не­сін­дегі жаңғырту жұмыстары тұлға ме­рей­тойының маңыздылығы назарға алынып, той қарсаңында қолға алынды. Бұл жұ­мыстар бүгінде мәдениет саласын бас­қа­рып отырған Қазақстан Республикасы Пре­мьер-министрінің орынбасары – Мә­де­ниет және ақпарат министрі Аида Ба­лаева жетекшілік ететін уәкілетті ор­ган­ның жоспарына сәйкес рет-ретімен жү­зе­ге асырылды. Кесененің техникалық ахуа­лы толықтай зерделеніп, сарап­та­ма­лық  қорытынды жасалды, реставрация жұ­мыстарының ғылыми-жобалау құжат­тамасы әзірленді.  Кесенені қалыпқа кел­тіру ісін жарты ғасыр бойы осы ба­ғыт­та жұмыс атқаратын «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары жүргізді.

«Кесене – мемлекеттік маңызы бар та­рихи нысан. Сондықтан алдын ала зер­делеудің нәтижесі негізінде ғылыми-рес­тав­рация жұмыстары мұқият жүргізілді. Кесене күмбездері қыш кірпішпен толық қапталып, кірпіштердің жіктері жауын-шашын мен ылғалдан қорғайтын арнайы қоспамен бекітілді. Ішкі бөліктегі қабыр­ға­лар мен төбенің үгітілген сылақтары алы­нып, қайта сыланды. Есік-терезелер мен панжаралар нысанның сәулеттік ерек­шеліктеріне сай қайта орнатылды», – дейді «Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Олжас Шариязданов.

Қалпына келтірілген тарихи ескерткіш зия­ратшылар қауымына ұнаған. Жиырма жыл­дан бері кесененің шырақшысы қыз­метін атқаратын Нұржан Абанұлы рес­тавра­ция жұмыстарының дер кезінде қол­ға алынғанына ризашылығын білдірді. «Кесене салынғалы бері күрделі жөндеу жасалмаған еді. Жыл сайын өзімізше аз­даған жерін жамап-жасқап, әктеп күтім жа­сап отырамыз. Дегенмен ғылыми рес­тав­рацияның жөні бөлек қой. Міне, ке­сенің қасбеті, күмбезі  тозыңқырап кет­кен еді. Келушілердің айтар тілегі жөндеу жа­салса дейтін. Биыл марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойы қар­саңында, кесененің қайта жаңғырғаны жөн іс болды. Мұны қайраткер тұлғаға көр­сетілген үлкен құрмет деп білеміз», – дей­ді шырақшы. Оның айтуынша, кейінгі жыл­дары кесенеге келушілердің қатары да айтарлықтай артқан. Әсіресе Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен еңбегін зерттеп жүр­ген жастардың қызығушылығы жо­ғары. Еліміздің Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Батыс Қазақстан өңірлерінен ар­найы келетін жас зерттеушілер көп көрі­неді. 

Қайраткердің мазарына Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Түрікменстаннан да ғалымдар мен зиярат етушілер ұдайы ке­ліп тұрады. Солардың бірі – Түрік­менс­таннан келген Сардар есімді азамат.  «Мен Өзбекәлі Жәнібековтің есімін, еңбегін үлгі тұтамын. Бүгін арнайы тағзым жа­сау­ға келдім. Түрікмен елінде Өзбекәлі аға­мыз­дың ақыл-кеңесімен алғашқы Наурыз тойын тойлағанын мақтанышпен еске ала­мыз», – дейді. Бауырлас елден келген мей­ман қазақтардың біртуар түлғаны ұлық­тап, кесенесін жаңыртып жатқанына ри­залығын білдірді.  

Тарихи ескерткішті қалпына келтіру кез келген құрылыс жұмыстарынан өзге­ше іске асады екен. Мұндағы басты талап – жаңа нысан салу емес, тарихи нысанның әуелгі сәулеттік келбетін жоғалтпай рес­тав­рациялау. Сондықтан да 50 жылдық та­рихы мен тәжірибесі бар «Қазқай­та­жаңарту» РМК мамандары  кесенедегі реставрацияны кәсіби шеберлікпен қатар ғы­лыми дәлдікпен, аса жоғары жауап­кер­ші­лікпен, ерекше тарихи талғаммен жаса­ға­нын аңғардық. 

Саналы ғұмырын ел тарихы мен мә­де­ниетін түгендеуге арнаған ғалым-қай­рат­кер Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың та­рихи ескерткіштерді сақтау үшін аянбай кү­рескені, жоғалып кеткелі тұрған мұ­ра­ларды аман алып қалғаны бәрімізге мә­лім. Сондықтан да мемлекет елдіктің ше­жіресін түгендеген ұлылардың еңбегін ұдайы ұлықтап, жас ұрпаққа жеткізуде қа­жетті міндеттерін атқарып келе жат­қаны зиялы қауымды қуантады. 

Біле білсек, Өзекеңнің аманаты – ұлт­тың тарихи жадын жоғалтпау, мәдени мұра­сын сақтау және елдік құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу еді. Сондықтан «Қаз­қайтажаңарту» РМК мамандарының Өз­бекәлі Жәнібеков кесенесін ғылыми не­гізде қалпына келтіріп, мерейтой қар­саңын­да жұмысты толық аяқтаған тия­нақ­ты ісі ел тарихына, ұлттық руханиятқа жа­салған тағылымды қызмет деп санай­мыз. 

Тельман БЕЙСЕНОВ,

журналист, тарихшы