Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты бірқатар шара ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мемлекет басшысы 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салатын заң жобасын қолдауды ұсынды. Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы ұлттық қауіпсіздік пен елдің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.
Тоқаев Үкіметке балаларды зиянды контенттен қорғау үшін ақпаратты сүзгілеу шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін кеңінен қолдануды ұсынды.
Президент қазіргі жағдай балаларды зиянды ақпараттан қорғауға қатысты 2018 жылы қабылданған заңды қайта қарауды талап ететінін атап өтті.