СҚО-да заңсыз қарыз берумен айналысқан азаматтан жүздеген миллион теңгенің мүлкі тәркіленді

Заңсыз қызметтің нәтижесінде 774 млн теңге қылмыстық табыс алынған. 

Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз заңсыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан Е.В.Ростовщиков 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Тергеу барысында ҚМА-ның СҚО бойынша департаменті заңсыз қарыз берудің 78 эпизодын анықтады. Әдетте қарыз алушылар ақшаға аса мұқтаж, банктен несие ала алмаған азаматтар болған. 

Қарыз беру үшін екі түрлі схема қолданылған. 

Бірінші жағдайда нотариус арқылы қарыз шарты рәсімделген, алайда мәміленің нақты талаптары онда көрсетілмеген. Құжаттағы сомаға қарыз алушыға берілген қаражат та, қарызды пайдаланған бүкіл кезең үшін есептелген пайыз да енгізілген. Ақшаның қайтарылуын қамтамасыз ету үшін мүлік кепілге қойылған. 

Екінші жағдайда қарыз беру дерегі сатып алу-сату шарты ретінде бүркемеленген. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Қаражат қайтарылғаннан кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған. 

– Осылайша, азаматтық-құқықтық мәмілелер түрінде шын мәнінде пайызбен және мүлікті кепілге алып жүйелі түрде қарыз беру жүзеге асырылған. 

Заңсыз қызметтің нәтижесінде 774 млн теңге қылмыстық табыс алынған. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған.

Сот үкімімен мемлекет кірісіне 6 пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі, сондай-ақ құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді, – делінген хабарламада. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.