Білім – екі ел арасындағы достықтың берік көпірі: Қытайда білім алған қазақ жастары Астанада бас қосты

Бүгінде Қытайда 191 ел мен өңірден келген 380 мыңнан астам шетелдік студент білім алып, тағылымдамадан және кәсіби даярлықтан өтіп жатыр. 

Астанада Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер бас қосты. Кездесуде екі ел арасындағы білім беру байланыстарын одан әрі дамыту, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтудағы студенттердің рөліне мән берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz .

«Ғажайып Қытайды танып, Қазақстан мен Қытай достығын нығайтайық» тақырыбында өткен достық қабылдауды Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен «ҚХР жоғары оқу орындары түлектерінің достастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Жиынға әр жылдары Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер, Қытайда білім алып жатқан және сол елдің университеттеріне түсуге ниетті қазақстандық жастар, сондай-ақ мемлекеттік органдар, білім беру және сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Кездесуге арнайы қатысқан Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь Қытай тарапы халықаралық білім алмасу мүмкіндіктерін кеңейтіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қытайда 191 ел мен өңірден келген 380 мыңнан астам шетелдік студент білім алып, тағылымдамадан және кәсіби даярлықтан өтіп жатыр. 

Елші Қытайда білім алудың студент үшін тек мамандық игерумен шектелмейтінін айтты. Бұл – жаңа ортаға бейімделіп, тәжірибе жинақтап, елдің мәдениеті мен қоғамын тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

«Қытайда білім алу – көкжиектң кеңейтіп, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге, тәжірибе жинақтап, өзіңді жетілдіруге жол ашатын өміріңіздегі маңызды кезеңдердің бірі», – деді Хань Чуньлинь.

Бүгінде Қытайда білім алып жатқан қазақстандық жастардың да бұд елді таңдауына өзіндік себептері бар. Пекиндегі Қытай мұнай университетінде мұнай инженериясы мамандығы бойынша білім алып жатқан Ерұлан Жапар Қытайдың ғылымы мен озық технологиялары, заманауи кампустары және білімге деген жоғары талаптары қызығушылығын арттырғанын айтты.

Оның пікірінше, шетелде білім алу тек жеке кәсіби дамумен шектелмеуі керек. Студенттер екі ел арасындағы достықты нығайтуға да үлес қоса алады.

«Қытайда оқу – үлкен кәсіби жолдың бастауы. Біз елге оралғанда өзімізбен бірге жаңа біліммен қатар, Қытай туралы түсінік, тіл білу, жаңа таныстықтарды алып келеміз. Сондықтан білім – халықтарымызды байланыстыратын ең берік көпірлердің бірі», – деді студент.

Ерұлан Жапар алған білімнің болашақта Қазақстанға пайда әкелгенін қалайды. Оның сөзінше, қазіргі студенттер кейін екі ел арасындағы кәсіби және адами байланысты одан әрі жалғастыратын буынға айналады.

Бұл пікірді Шанхай университетінде білім алып жатқан Дариға Аманжолова да қолдайды. Экология мамандығында оқып жүрген студент Қытайдың қалдықтарды қайта өңдеу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы тәжірибесін зерттеп, оны Қазақстанда қолдануға ниетті.

«Қазақстан үшін Қытайдың осы бағыттағы тәжірибесін зерделеудің маңызы зор. Мен Қытайда алған білімімді елге әкеліп, оны іс жүзінде қолданғым келеді», – деді Дариға Аманжолова.

Оның айтуынша, әрбір студент елге оралғанда жинақтаған білімі мен тәжірибесін Қазақстанның дамуына жұмсауды мақсат етуі тиіс.

Жиында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Кәбенова министр Саясат Нұрбектің қатысушыларға арналған үндеуін оқып берді. Министр Қазақстан үшін адами капиталды дамыту, ғылым, инновация және жаңа технологияларды дамыту маңызды міндет екенін атап өтті.

«Қытайда білім алған азаматтардың тәжірибесі адами капиталды дамыту, ғылым, инновация және жаңа технологиялар салаларындағы міндеттерді шешуде қажет болады. Біз Қазақстан мен Қытай университеттерінің түлектері арасындағы байланысты жүйелі деңгейге көтеруге, білім, ғылым, технология және кәсіби даму бағыттарында өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға мүдделіміз», – делінген министрдің үндеуінде.

Жиында Қытайда білім алудың қазақстандық жастар үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашып отырғаны айтылды. Елші Хань Чуньлиньнің мәліметінше, 2026 жылдың шілде айындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда тіркелген қытайлық кәсіпорындардың саны 10 973-ке жеткен. Бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюімен қатар қытай тілін меңгерген және Қытайда білім алған мамандарға деген сұраныстың да артуына ықпал етіп отыр. 

Кездесудің негізгі мақсаты – білімді тек жеке жетістік емес, екі ел арасындағы байланысты нығайтатын құрал ретінде қарастыру. Қытайда білім алған және қазір білім алып жатқан жастар үшін бұл тәжірибе кәсіби жолдың ғана емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың жаңа буынын қалыптастырудың да негізі болмақ.

Елші жастардың осы процестегі рөліне ерекше тоқталды.

«Жастардың иығына маңызды тарихи миссия жүктеліп отыр. Білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың сабақтастығын қамтамасыз ету – екі тарап үшін де маңызды міндет», – деді Хань Чуньлинь.

Кездесу соңында қатысушылар білім беру саласындағы байланыстарды одан әрі нығайту, тәжірибе алмасу және жастар арасындағы кәсіби әрі адами қарым-қатынастарды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.