Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Вена классикасы мен аргентиналық танго әуені үндескен «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көпшілік алдында Вена радиосы симфониялық оркестрінің (ORF Radio-Symphonieorchester Wien) әртісі, қазақстандық скрипкашы Ерасыл Хамит өнер көрсетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, музыкант камералық оркестрдің сүйемелдеуімен Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концертін орындады.
Кеш барысында Ерасыл Хамиттің ата-анасы да оркестр құрамында өнер көрсетті. Бір сахнада бас қосқан отбасы мүшелерінің өнері әулеттегі музыкалық дәстүрді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын айшықтады.
«Ата-бабам, соның ішінде атам өмір сүріп, еңбек еткен тарихи Отанымда өнер көрсету – мен үшін ерекше мәртебе. Бұл өлке маған сонысымен жақын. Ал көрерменнің ыстық ықыласы мен жылы қабылдауы маған үлкен шабыт сыйлады», – деді Ерасыл Хамит.
Концерттің екінші бөлімінде Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі мезгілдер» циклі орындалды. Кеште Вена классикасының жауһар туындылармен қатар, аргентиналық танго әуендері де шырқалды.
Концерт соңында Ерасыл Хамитке Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құрмет пен алғыс белгісі ретінде гүл шоғы табысталды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.