Өткен күнге сенімді, келешекке үмітті әлсіретеді – Президент ұлттың жадын бұрмаланған мәліметтермен улаудың қаупін атады

Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясында ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Aqorda-ға сілтеме жасап.

«Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.

 Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз.

 Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды.

 Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ. 

 Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.

 Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние.

 Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.