Туыстарынан жасырынып, несие рәсімдемек болған: полиция алаяқтың арбауына түсіп қалған адамды құтқарды (видео)

Ер адам алаяқтардың күшті психологиялық ықпалында болған.

Алматы облысының киберполиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның интернет-алаяқтықтың құрбаны болуына жол бермеді, — деп хабарлайды  Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Ер адам алаяқтардың күшті психологиялық ықпалында болған. Олардың нұсқауы бойынша ол жақындарынан жасырынған, қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан және бірнеше банктен жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам несие рәсімдеуге әрекет жасаған. 

Алаяқтық қоңырауларды анықтайтын арнайы жүйе арқылы күдікті белсенділік туралы сигнал түскен. Полицейлер ер адамның жұбайы мен балаларын тауып, болған жағдай туралы ескерткен. Туыстары бірден банктерге хабарласып, нәтижесінде несиелерді рәсімдеуге жол берілмеді. 

Ер адамның өзі өндірістік база аумағынан анықталды. Полицейлермен кездескен кезде де ол белгісіз адамдарға сенуді жалғастырып, полиция қызметкерлері мен өз ұлының сөздеріне құлақ аспаған. Тек алаяқтарға 13 млн теңгеден астам қаражатты беріп қоя жаздағанын түсінгеннен кейін ғана болған жағдайдың мәнін ұққан.

Бір тәулік ішінде осы жүйенің көмегімен Алматы облысында осындай 13 интернет-алаяқтық фактісінің алды алынды. Жалпы соңғы үш жылда ІІМ республика бойынша 1 152 интернет-алаяқтық фактісінің алдын алып, 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты сақтап қалды. Алаяқтардың шетелге 2,7 млрд теңге қаражатты шығаруына жол берілмей, жәбірленушілерге 5,6 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. 

Полиция ескертеді: егер белгісіз адамдар сізден әңгімені жақындарыңыздан жасыруды, несие рәсімдеуді, ақша аударуды немесе қандай да бір қосымша орнатуды талап етсе, қарым-қатынасты дереу тоқтатыңыз. Банкке немесе полицияға өзіңіз хабарласыңыз. Алаяқтардың сізді шын мәнінде көмек көрсете алатын жақындарыңыздан оқшаулауына жол бермеңіз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.