Көшпелі өркениеттің құқықтық дәстүрі елдің бірлігі мен жердің тұтастығын, ар мен намысты, адам мен қоғам арасындағы жауапкершілікті реттеген дала заңдарымен бекіді. Қазақ қоғамында ел тағдыры елмен ақылдасып сараланды. Билердің сөзі тыңдалды. Даулы мәселе бітіммен шешілді. Көптің пікірі ескерілді. Сондықтан қазақ үшін «Құрылтай» деген сөздің қадірі де, қасиеті де бөлек.
Бүгін біз осы тарихи ұғымның жаңа дәуірдегі мазмұнына куә болып отырмыз. Жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесіне жаңа кезеңнің негізін қалап берді. Еліміздегі жоғары заң шығарушы өкілетті органның Құрылтай деп аталуы ұлттық мемлекеттілік дәстүрі мен қазіргі заманғы саяси институттардың сабақтастығын айшықтаған іргелі қадам болды.
Елдің жаңа саяси бағдарын түзген жаңа Конституция тек құқықтық нормалардың жиынтығынан тұрмайды. Ата заң азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеретін қоғамдық келісімнің жаңа мазмұнын бекітті. Құрылтай сол келісімнің саяси мінбері міндетін атқарады. Сондықтан бүгінгі Құрылтайдың алдында тұрған міндет те айқын. Ол – халықтың сенімін ақтау, қоғамның мәселесін білу, заң шығару деңгейін көтеру. Ең бастысы, қабылданған шешімдердің халықтың күнделікті өмірінен көрінуін қамтамасыз ету.
Осы тарихи кезеңде «Әділет» партиясының да орны ерекше екенін атап өтуіміз қажет. «Әділет» – қалыптасқан саяси жүйеге жаңа көзқарас алып келген жаңа буын партиясы. Жаңа буын партиясы дегеніміз жаңа есімдер ғана емес. Партия тізімімен депутат атанғандардың қатарында Ұлттық Құрылтайдың бұрынғы 13 мүшесі, бұрынғы Парламентте депутаттық тәжірибесі бар 24 адам бар. Сонымен қатар 10 адам Президенттік жастар кадр резервінің, төртеуі Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, бесеуі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. Тағы 26 адам бұрын мәслихат депутаты болған. Еңбек ету саласына қарай 3 эколог, 2 волонтерлік қозғалыс өкілі және IT саласының 4 маманы енген. Мұның барлығы жаңа Парламенттің мықты кадрлық құраммен жарақтанғанын көрсетеді.
Кешегі сайлау алдындағы бір ай ішінде біз Түркістан облысының барлық 17 аудан, қаласын араладық. Әр ауданның ерекшеліктерін көзімізбен көрдік, қағазға түртіп алған мәселелер де жетерлік. Ауылдарға бардық, диқандармен, кәсіпкерлермен сөйлестік, мұғалімдермен кездестік, дәрігерлердің мәселесін тыңдадық, жастардың талабын естідік. Спортшылармен, өндіріс өкілдерімен, әлеуметтік сала мамандарымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, қарапайым тұрғындармен жүздестік. Сол кездесулердің барлығында бір нәрсе анық байқалды. Халықтың талабы аса көп емес. Халық әділетті қоғамды қалайды, еңбегінің әділ бағалануын сұрайды. Заңның бәріне бірдей болғанын, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істегенін талап етеді.
Сайлауда жеңіске жету «Әділет» партиясы үшін соңғы меже емес. Еліміз бойынша 9 351 539 азамат сайлауда дауыс берген болса, соның 1 109 975-і Түркістан облысынан екен. Облыс сайлаушыларының 92 пайыздан аса сайлаушысы қатысып, оның 887 905-і немесе 79,99 пайызы «Әділет» партиясын қолдады.
Сайлау науқанының аяқталуы біздің жұмысымыздың соңы емес. Керісінше, жаңа саяси бетбұрыстар халық алдында есеп беретін жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Ендігі міндет – айтылған уәдені орындау, көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмау және сенімді нақты іспен ақтау.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«Әділет» партиясы Түркістан облыстық
филиалы төрағасының орынбасары