Шындық пен әділдік негізге айналуға тиіс

Құрылтайдың жаңа құрамын сәтті жасақ­талған деп бағалаймын. Депутат­тар қатарында жастар мен әйелдердің болуы, гендер­лік теңге­рім­нің сақталуы – дұрыс шешім.

Әрине бар­лық партияның өкілі бір­дей сайланған жоқ. Де­ген­мен іріктелген канди­дат­тардың арасында тә­жірибесі мен қоғамдық бе­де­лі қалыптасқан аза­мат­тар аз емес.

«Әділет» партиясының құрылымы да жүйелі қалыптасқан. Айбек Дәде­байдың Құрылтай Төрағасы болып сайлануын заңды шешім деп қабыл­даймын. Сай­лау­да жеңіске жеткен саяси партия же­тек­­шісінің Құрыл­тайға төрағалық етуі – қи­сынды қадам. Ендігі негізгі мәселе – жаңа құрамның өз әлеуетін нақты іспен көрсе­туі. Құ­рылтай депутаттарының арасында бұған дейін қоғамдық мәселелерді көтеріп, олардың шеші­луіне ықпал еткен беделді тұлғалар бар. Соның ішінде Алматы өңірі мен Талдықор­ғаннан сайланған өкілдердің де қо­ғамдық тәжірибесі мол. Олар – по­пу­лизмге бой алдырмай, өзекті мә­селелерді іс жүзінде шешуге атса­лысып жүрген адамдар. Сон­дықтан мұндай азаматтардың Құрылтай депутат­ты­ғы­на сайлануын орынды деп есептеймін. 

Құрылтай жұмысының басты қағида­ларының бірі шыншылдық болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шын­шыл сөз» кіта­бын талқылау ба­рысында да осы мәселеге назар аудар­дық. Ме­ніңше, «шыншыл сөз» ұғымы халқы­мыздың тарихы мен дәс­түрінде ежелден бар. Мәселен, ай­тыс өнерінің негізгі өзегі­нің бірі – шын­дық­ты ашық айту. Шешендер мен билер де қоғамда әділет салтанат құруы үшін шын­шыл сөз ай­тып, елдік мә­се­лелерді көтерген. Бү­гін­де мұны заманауи қара сөздің бір көрінісі деп қа­былдауға болады. Сон­дық­тан Құрылтай мінберінде де депутаттар қоғамдағы ең өзекті мә­селелерді ашық көтеріп, өз пікірін еркін білдіре алуы қажет. Шындық пен әділдік Құрылтай жұмысының негізгі ұстаны­мына ай­нал­са, оның қоғам алдындағы абыройы да арта түспек. Депутаттардың қызметі ең алдымен ел мүддесіне және қоғам алдындағы жауапкершілікке негіз­делуге тиіс. 

Тағы бір маңызды мәселе – Құрылтай депутаттарының өңірлермен тікелей жұмыс істеуі. Бұған дейін де Алматыдан сайланған депутаттардың өңірмен тығыз байланыста жұмыс істегенін көрдік. Енді жаңа құрамдағы өкілдер де Алматы өңірінің мәселелерін Құрылтай деңге­йінде көтеріп, тұр­ғындарды толғандырған түйткілдерді ортаға салады деп ойлаймын. Түптеп келгенде, Құрылтай жұмысының кәсі­би деңгейі жоғары болады деген үміт бар. Оның нақты тиімділігі алдағы уақыт­та комитеттердің қызметі мен қабылд­а­натын шешімдерден көрінеді. 

Бекнұр ҚИСЫҚОВ, 

Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының

президенті, жазушы, қоғам белсендісі