Таңсықбай оған сүзетін сиырдай алакөздене қарады.
– Бюрократия да бізде демейсің бе? Қайдағыны көкіп, сен де бір «көрмес, түйені де көрмес» көзі ашық, көңілі соқыр меңіреу екенсің! – деді Көпірбай көбікауызданып.
– Жо-жоқ, қателесесің! Дамыған отыз елдің қатарына әлдеқашан жетіп алдық. Енді зымырандай зуылдап біразын басып озуға айналдық. Жерұйық іздеп әуре болмайсың, – деп Таңсықбай тағы да өзеурей бастап еді, Көпірбай оның кеңірдегінен ала түсті.
– Осы біз несіне алаөкпе болып айтысып жатырмыз? Ел тыныш, қарын тоқ, уайым жоқ, – деді Таңсықбай тағы да айтқанынан қайтпай.
– Онда асықпа! Күте тұр, – деп Көпірбай үйіне қайтты. Арада біраз күн өткенде Таңсықбай көршісіне келді.
– Ау, Көпірбай көке! Бір шаруа
бар, – деді ағасына еркелеп.
– Шаруаң болса, айт!
– Біраздан бері оң бүйрегім шаншып, маза бермей жүр. Ауруханаға барып көрінсем деймін.
– Соны да менен сұрайсың ба? Бар, көріне бер, – деді Көпірбай.
– Сіздің осындайда жөн білетініңіз бар еді ғой. Бірге барайық, – деп қиылды Таңсықбай.
Көпірбай көршісінің көңілін қимады. Екеулеп бірін-бірі жетелеп жолға шықты. Таңсықбайдың оң бүйрегінде тас бар болып шықты. Барлық анализін алып болған соң, оған ота жасау керектігін ескертті. Бірақ портал дей ме, тарт та ал дей ме, кезекке тұру керек екен. Онысы қашан келетінін ешкім біліп болмайды. Күндердің бір күні кезегі де келді-ау, әйтеуір. Бірақ оташы жігіт алакөздене қарады.
– Беретініңді бермесең, ота жасамайды. Жасаған күнде жүрдім-бардым жасап, кемтар етіп қояды. Алақанына бірдеңе қыстырып жібер, – деп палаталас көршісі ақыл қосты. Таңсықбай балаларынан теңге алдырып, хирург жігіттің халатына сүңгітіп жібергені сол, науқасты ота жасайтын бөлмеге ала жөнелді. Шүкір, Таңсықбай отадан соң оңалып қалды. Бірақ осында жатып, біраз күн ем-дом алуы керек екен. Алғашқы күндері системаларын жап-жақсы салып жүр еді, соңы сұйылып кетті.
– Көке! Қараушы дәрігердің қалтасына бірдеңе сүңгітпесеңіз, керексіз системалармен діңкеңізді құртады. Одан да әрекетке көшіңіз. Ағзаңызды тез сауықтыратын дәрумендерді салса, ширап қаласыз, – деп тағы бір көршісі құлағына сыбырлады.
– Сүңгітті. Сол күні-ақ жалына жүн бітті. Баяғыдан бері құр сылдыр суды салдыра бермей, осындай әрекет етпегеніне күйінді. Балалары келіп, әкелерінің оңалып қалғанына сүйінді.
– Таңсықбай ауруханадан тыңайып шықты. Диланып шыққаны бар болсын, үйде оны таудай тірлік тосып тұр екен. Диплом алып келген баласы жұмыс таппай зыр қағып жүр. Талай емен есіктерді тоздырыпты. Біреуі есігінен сығалатпаған. Не істеу керек? Ол Көпірбайдан кеңес алуға барды.
– Ым-м, балам диплом алды де. Құтты-ақ болсын! Енді не тұрыс? – деді Көпірбай.
– Қолында табақтай қызыл дипломы бар. Бір адам келе ғой деп ықылас танытпапты. Бұл не сұмдық? – деп Таңсықбай тепсінді.
– Беретініңді бермесең, балаң жұмысқа тұра алмайды. Осыған да оқу керек пе? – деп Көпірбай көкке қарады.Таңсықбай ауладағы шөпке қарады. Қаланың шет аудандарының бірінде тұратын олар қораларында мал ұстаушы еді. Ол өз ауласындағы бордақыда тұрған екі жылқыны ойлады. Осы екі семіз жылқының ақшасы жемқор бастықтың жұмырына жұқ болмайды-ау деп қиналды. Расында, астыртын сұрау салудың барысында білгеніндей, жұмысқа тұру дегенің қиямет көрінеді.
– Көке! Мен мына дипломмен шетелге барсам, құшақ жая қарсы алады. Жайлы қоныс, жақсы жұмыс береді. Мен шетелге кетемін! – деп Алпамыс алқынды.
– Біз сені шетелге кетсін деп оқыттық па? О, несі-ей? Осында да жұмыс дегенің жеткілікті емес пе?
– Жеткілікті болса мен неге текке сандалып жүрмін? Таңсықбайдың баласынан ұтылған жері осы болды. Ләм-мим деп тіл қата алмады. Алпамыс алты күннен кейін арқаланып, шетелге кетті. Арада апта өтпей қуанышты хабар келді. Үлкен бір мекемеге үлкен бір қызметке тұрыпты. «Жақсылап орналасып алайын. Сосын шешем екеуіңіз маған қыдырып келесіздер. Мынауский қала. Армансыз аралайсыздар», – дейді телефонның оймақтай көзінен шаттана күліп қарап.
«Е, баланың арқасында шетелді де көретін болдық» деп Таңсықбай миығынан күліп қойды. Таңсықбайдың үлкен баласының шетел асып, тамаша жұмысқа тұрғаны туралы хабар бүкіл қалаға тарады. Таңсықбай көшеде талтаңдап жүре алмай қалды. Көшеде келе жатқанның барлығы қос қолын ала жүгіріп, құттықтап жатқаны. Мұндайда ол кәдімгідей қалбалақтап қалады. Бірде оны анау-мынау емес, қала әкімінің өзі келіп құттықтады. Өткенде баласы қызмет сұрап барғанда, қуып шыққан қағынғанның өзі. «Құтты болсын!» дейді ұялмай. «Біздің қаланың баласы шетелді мойындатып жатса, бұл біз үшін де үлкен мерей» деп қоятынын қайтерсің! Е, мейлі дә, келгенінің, сәлем бергенінің өзі неге тұрады? Қай кісіге әкімнің өзі келіп құттықтап жатыр? Осындай шат-шадыман күндерінің бірінде Таңсықбайдың асып-тасыған көңілі су сепкендей басылды. Оның екінші баласы Қобыланды қағынып арақ ішіп қызған дей ме, соның екпінімен біреудің тұмсығын бұзған дей ме, уақытша тергеу абақтысына түсіпті. Басқалардың айтуынша, сол төбелесте Қобыландының да басы ісіпті. Таңсықбай тоқтамай қалалық ішкі істер басқармасының бастығына келді. Полковник оған пандана қарады.
– Баланы осындай етіп те тәрбиелейді ме екен? Балаңыз – хулиган. Есірткіге де әуестігі бар сияқты. Біз мұны әлі тексереміз, – деп алдында отырған қартты қатты шошытты. Таңсықбай бастықтың алдынан жер болып шықты. Сол шыққан бойы көршісі Көпірбайға келді.
– Келетініңізді біліп едім, – деді Көпірбай көріпкелдігі ұстап.
– Білсең, ана баланы қалай құтқарып қаламыз? Айтшы.
– Оның не айтары бар? Беретініңді бермесең, балаң түрмеде шіриді, – деді көршісі.
– Таңсықбай талып қала жаздады. Тентіреп кетті. Ағайын-туыстан, жекжаттардан жылу жинады. Шетелдегі бала да тапқанын жіберді. Полковник бұл жолы жылы қарсы алды. Хатшысына шай алдыртып, үлкенге ізет көрсетудің үлгісін танытты. Екеуі бұрыннан таныс-білістей емен-жарқын шай ішіп отырды. Артында Қобыландысы қоразданып абақтыдан шықты. Үйге келген соң Қобыланды әкесіне қатты ашуланды.
– Көке! Соншама ақшаны бере салғаныңыз не? Мені онсыз да шығарғалы отырған еді ғой.
– Қалай?
– Солай! Кешегі төбелесте ана оңбағанның тұмсығын бұзған мен емес, қала әкімінің баласы болатын. Ол мұны өзі де мойындап отырды. Қала басшысының ықпалымен екеумізді де шығарғалы отырғанда босқа шығынданыпсыз.
– Қап!
Таңсықбайдың іші удай ашыды. Осы кезде қайдан келгені белгісіз, көршісі Көпірбай келе қалмасы бар ма? Ол Қобыландының құрықтан босап шыққанына құтты болсын айтты.
– Өткенде зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп бөркіңізді аспанға лақтырып едіңіз. Демократияның дәмін татып жатқан шығарсыз, – деді тіліне тікен шыққыр Көпірбай.
Таңсықбай «Беретінімді беріп, мұның да аузын жаппасам, болған жайтты жұртқа жайып масқарамды шығарар» деп ойлап тұрды.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ