Жібере сал!

Шілде. Күн тас төбеде ша­қырайып тұр. Жер-көктің барлығы өртеніп жатқандай.

Адамдар демалғанда ауа емес, жалын жұт­қандай болады. Дені түзу адам­дардың барлығы мұн­дай­да сал­қын бөлмелерде, жа­ғажай­да жа­тады. Түк таппа­ған­дары қалың ағаш көлеңкесінде саялайды.

Осындай ми қайнатарлық ыстықта ұлан жолдың бойында ала таяғын шошаңдатып жол-көлік полициясының қызметкері тұр. Түріне қарасаң, жылағың ке­леді. Одан «мына аптап ыс­тық­та неге тұрсың?» деп сұрағың келеді. Өйткені өн бойын тер басып кеткен. Қолындағы бет­ора­малы малмаңдай су болыпты. Әлгі жол сақшысы беторамалын сығып қалғанда, бір шелек тер жерге төгіледі.

Әне, ол жүк көлігін тоқтатты. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Мәдениет институтын тауысқан ба, аса бір мейірмандылықпен мәдениетті жылы жымиып қо­лын алғанда, жол сақшысының көзі жыпылықтап кетті. Оның бармақтарының арасында бір уыс теңге қалып кеткен еді. Жол сақшысы жүргізушіге бір ауыз тіл қатқан жоқ. Қолын шоқтай қа­рып бара жатқан теңгені көлігіне тыққыштап, өзімен-өзі болып кетті.

Міне, ол тағы бір көлікке «тоқ­та!» деп белгі берді. Құйғы­тып келе жатқан көлік жол сақ­шысын қағып кете жаздап ба­рып, зорға тоқтады.

– Әй, сен өзі, былай, ішіп ал­ғаннан саумысың? Қане, құ­жаттарынды көрсет! – деп ақыр­ды ол кабинадан созбалаңдап түскенге.

– Сен мені танымадың ба? Мен әкімдікте істейтін жауапты маман боламын. Ал сен мені негізсіз тоқтатасың. Бұ қалай? – деді тәлтіректеп тұрған жүр­гізуші.

– Көке! Әкімдікте істемек түгілі, одан да жоғары жерде іс­тесеңіз де сізді жазалауға тура келеді. Өйткені рульге ішіп алып отыруға болмайды.

– Ненің болатынын, ненің болмайтынын мен саған көрсе­тейін.

Мас жүргізуші жол сақшысын ұрып жіберердей түйіліп келіп, жалт бұрылды. Жол сақшысы теле­фонымен әлдекімге хабар­ласып жатты.

– Жолдас бастық. Бір масты тоқтаттым. Өзі әкімдікте жұмыс істеймін дейді. Не істеу керек?

– Қарай гөр өзін? Дереу кө­лігін айып тұрағына жеткіз. Өзін бөлімге әкеліп тапсыр.

– Құп! Орындаймыз, басеке!

Жол сақшысы ішімдік ішіп көлік руліне отырған әкімдіктің әйдік қызметкерін тиісті орынға тапсырып, белгіленген жерге қай­тып оралды. Міне, тағы бір тентекпен жағаласып тұр.

– Әй, мені білмейсің бе? Осыдан қара да тұр, көзіңе көк шыбын үймелетпесем, Біржан атым құрып кетсін! Мен қалалық прокуратурада жұмыс істейтін Біржан деген дөй қызметкермін. Сендейлердің талайын көрген­мін, – деп дүрсе қоя берді көлік иесі.

Жол сақшысы тағы да бас­тығына жүгінді.

– Жолдас бастық! Мұнда біреу прокуратураданмын деп өкіреңдеп тұр. Не істейін?

– Прокуратурада істемек түгілі, одан жоғарысында  болса да, аяма. Жазасын бер! Тәртіп керек, тәртіп!

– Құп, болады, жазалаймыз.

Тағы бір сағат өткенде жол сақшысы және бір күдікті көлікті тоқтатты.

– Жын қуғандай неге безек­теп келесіз?

– Асығыс шаруам бар еді.

– Бүгінде кімнің асығыс ша­руасы жоқ дейсің? Жол жүру ережесін бұздыңыз. Айыппұл төлейсіз.

– Мен Тәшім Тайлақ деген қа­­­­лалық соттың судьясы бола­мын. Сенбесең, бастығыңнан сұра.

– Жолдас бастық! Мұнда Тәшім Тайлақ деген судья тұр. Сізді жақсы танимын дейді. Өзі рұқсат етілмеген жерде көлік жыл­дамдығын шамадан тыс асыр­ды.  Өзі ұрттап алаған ба, ау­зынан арам қатқан иттің иісі шығады.

– Аяма! Жазала! Он бес тәу­лікке қамат.

– Құп болады, жолдас бас­тық!

Жол сақшысы тағы бір тенті­реп жүргенді тосып алды.  Қо­лында микрофоны бар бұл неме де  удай мас еді. Көлігінен түс­кен­нен жол сақшысын бала­ғат­тап, айтпаған сөзі қалмады.

– Ішіп алып көлік тізгін­де­генсіз. Оның үстіне мемлекеттік қызметкерді балағаттап тұрсыз. Сізге шара көреміз, – деді жол сақшысы.

– Өлә! Маған шара көретін сен кім едің өзі? Білсең, Баха деген блогер мен боламын. Өзің­ді бастығыңмен қосып қызмет­теріңнен қууға шамам келеді. Тұр былай жолымнан. Тұмар сияқты аяққа оратылған осы­лар­дан-ақ көресіні көріп біттік қой. 

Блогер тас-талқан болып ашуланды. Жол сақшысы тағы да бастығына қоңырау шалды.

– Жолдас бастық! Мұнда бі­реу Баха деген блогер мен бола­мын деп бізді қырып-жойып барады. Не істеуім керек?

– Ойбай! Блогер болса, жо­лама, жібере сал, Ертең қыр со­ңымызға түсіп алып, бәле болар.

Блогер Баха жалғанды жалпа­ғынан басып кетіп бара жатты. Жол сақшысы күннің астында быжып қала берді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ