Шах-Мұрат ОРДАБАЕВ, актер, дубляж режиссері: Қазақша сеансты көбейтетін – көрермен сұранысы

Кейінгі жылдары әлемдік премьералар қазақ тілінде сөйлей бастады. Отандық киноөндірістегі осындай игі бастаманың бел ортасында жүрген кәсіби мамандардың бірі – Шах-Мұрат Ордабаев.

Он жылдан астам уақыттан бері дубляж саласымен айналысып келе жатқан ол 50-ге жуық фильмге режиссер­лік етіп, ондаған кейіпкерді өзі дыбыста­ған. Жақында режиссермен қазақ дубляжының бүгінгі деңгейі, көрермен талғамы, прайм-тайм мәселесі, дубляждағы локализация ерекшелігі және саланың көпшілік біле бермейтін қыр-сыры туралы сұхбаттастық.

– Шах-Мұрат мырза, бүгінде сізді дубляж саласындағы бірқатар мәнді жоба­ның басы-қасынан жиі көреміз. Өзіңіз қызмет еткен он жылдың ішінде бұл саланың сіз байқамаған қандай қырын көрдіңіз?

– Расында алғашқы жобалары­мыз­бен салыстырғанда, қазір көп нәрсе өзгерді. Дыбыстау процесі де, мәтін­мен жұмыс істеу тәсілі де бұрынғыдай емес. Уақыт өте келе маман тәжірибе жинап, шыңдала түседі. Біртіндеп қолың да, тілің де, санаң да жаттығады. Соның ең алғашқы байқалған нәтиже­сі – жұ­мыс жылдамдығы. Алғашқы жылдары бір фильмді дыбыстауға 20-25 күнге дейін уақыт арнайтын кездер болды. Қазір мәтін толық дайын болса, фильм­ді 8-9 күннің ішінде ды­быс­тап шығуға болады. Бұл – ды­быс­тау кезеңі ғана, одан кейін монтаж бен техни­калық жұмыстар жалғасады. Екін­ші­ден, әр жаңа жоба – жаңа белес, жаңа сабақ. Қазір фильмді ал­ғаш көргеннен-ақ оның қазақ көрер­меніне қанша­лықты үйлесетінін, өзек­тілігін, оған қанша күш пен уақыт жұмсау керегін шамалай аламыз. Бұрын жақсы бір жоба көрсек болды, «осыны қазақ­шалайық» деп бірден іске кіріссек, қазір таңдауға тәжіри­бе­мен қараймыз. Сонымен бірге әртіс­термен жұмыс істеу тәсіліміз өзгеріп, оларға қоятын талабымыз да өсті. 

– Он жылда көрерменнің талғамы өзгерді ме?  

– Әрине өзгерді. Оның жақсы қыры да, көңілге ой салатын тұстары да бар. Біріншіден, осыдан он жыл бұрын кинотеатрға тұрақты түрде бара­тын орта буын көрерменнің қа­тары қазір біршама сирегендей. Бұған карантин кезеңінің де әсері бар. Бірақ қазақ тіліндегі контентке кел­генде, керісінше үрдіс байқалады. Қазір ана тіліміздегі туындыларды тамаша­лай­тын көрермен саны артты. Он жыл бұрынғы көрермен мен бүгінгі көрер­менді салыстырсақ, айырма­шылық анық сезіледі. Қазір көрермен сапалы дүние көргісі келеді. Дыбысы да, визуалы да мінсіз болғанын, ең бас­тысы, фильмнің айтар ойы болғанын қалайды. Қазір Threads пен Instagram секілді әлеуметтік желілерде көрген дүниең туралы ойыңды ашық айту қалыпты құбылысқа айналды. Сол арқылы қазіргі аудиторияның талабы мен талғамы өзгергенін байқаймыз. Мәселен, көрерменнің бір бөлігі ауыр жұмыс аптасынан кейін жеңіл комедия тамашалағысы келетінін айтса,  енді бірі «Комедияның дәурені өтті, біз күрделі, сапалы туындыларды қалай­мыз» дейді. Олар Кристофер Нолан­ның «Одиссея», Tenet секілді фильм­дерін немесе кейінгі жылдары түс­і­ріл­ген қазақ тіліндегі кәсіби хоррор­ларды көргісі келеді. Қазіргі көрермен әлсіз әрі асығыс жасалған дүниені тез ажыратады. Тіпті жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан кезеңде оның көмегімен жасалған контентті де бірден байқайтын аудитория қалып­тасты. Ал сапасыз өнімді тану олар үшін тіпті қиын емес. Сондықтан қазір кинотеатрға «Мен билетке ақша төл­е­дім, демек сапалы дүние көруге құқы­лымын» деген талаппен келетін көрер­мен қалыптасып келеді. Менің­ше, бұл – өте жақсы құбылыс. Өйткені көрер­меннің талабы мен сыни көз­қа­ра­сы кино нарығын да алға сүйрейді. Актер ретінде де, дубляж режиссері ретінде де қазақ киносының қазіргі тынысына қарап іштей марқая­мын. Мәсе­лен, кейінгі шыққан «Қайта­дан», «Ғашықпын саған», «Дәстүр-2» сынды туындылар – қазақ киносы үшін көңіл қуантарлық өзгеріс. 

– Бір сұхбатыңызда «Біздің басты трагедиямыз – өз тілімізге, Қазақстанда жасалған деген өнімге әлі де сенбейтініміз» деп айтып қалдыңыз. Бұл қайдан қалып­тасқан сенімсіздік?

– Бұл – мен бұрыннан айтып жүрген мәселе. Егер нақты дубляж бен медиа саласы төңірегінде айтсақ, оның түп-төркіні адамның ана тілімен тікелей байланысты. Егер баланың ана тілі қазақ тілі болса, отбасында әке-шешесі, ата-әжесі, бауырлары қазақша сөйлесе, онда қазақ тіліндегі контент оған жат көрін­бейді. Ол сыртта, мектепте немесе уни­вер­ситетте өзге тілде сөйлесе де, үйдегі негізгі тіл қазақша болса, екі тілді қатар меңгерген адам ретінде қазақша фильмді де, ақпаратты да, кітапты да оңай қабыл­дайды. Өйткені бұл – оның санасына ең алғаш сіңген, түйсігінде орныққан тіл. Ал кейін меңгерген тілдер көбіне қарым-қатынас құралына айналады. Адамның ойлау жүйесінде әуелі ана тіліндегі ұғым қалыптасады. Керісінше, егер баланың тілі орысша шығып, қазақ тілі кейіннен меңгерген екінші тілге айналса, қазақша ақпаратты қабылдау ол үшін салмақ салуы мүмкін. Өйткені ол қазақ тілін табиғи тіл ретінде емес, кейіннен игерген құрал ретінде қолданады. Ал қазақтілді контентті агрессивті түрде қабылдамауға көп жағдайда контенттің түсініксіз немесе сапасыз болуы себеп болады. Кейде қазақ тіліндегі фильмдер көрер­менге ауыр, түсініксіз немесе жасанды естілуі мүмкін. Оның себебі – үйде еститін күнделікті қазақ тілі мен теле­арнадан, көркем әдебиеттен немесе күрделі фильмдерде қолданылатын қазақ тілінің бір-бірінен алшақтығы. Біз күнделікті өмірде көркем әдебиеттегідей бай тілмен сөйлей бермейміз. Балала­рымызбен бірге отырғанда сол деңгейде ой қозғап, ой өрбіте алмаймыз. Өкінішке қарай, бұл қоғамда білім мен тілдік мәде­ниетке қатысты жиі кездесетін траге­диялардың бірі. Егер бала көркем әде­биет­ке қанып өссе, оған қазақ тіліндегі дубляжды қабылдау қиынға соқпас еді. Әрине дубляж көрерменнен арнайы тілдік дайындықты талап етпеуге тиіс. Бірақ әлемнің көптеген елінде сапалы әдеби тілдегі дубляж қалыпты құбылыс саналады. Біз де сол бағытта жұмыс істеп келеміз. Қазақ тіліндегі контентке жат­сына қараудың астарында адамның тілдік ортасында өзге тілдің үстемдік етуі жатыр деп білемін.

– Қазақ тілінде дубляждалған фильм­дерді прайм-таймда көрсетпейді. Бұған Kinopark кино желісі басшыларының тікелей қатысы бар ма, әлде шынында да көрермен ана тіліміздегі нұсқасына бармай ма?

– Шын мәнінде, біз бұл мәселені көбіне фильм прокатқа шыққаннан кей­ін төртінші-бесінші күні байқап, «Неге қазақша сеанс прайм-таймда жоқ?» деп таңғаламыз. Бірақ қазақ тілін­дегі дубляж­дың кинотеатр прокатына тұрақты түрде енуі бірден қалыптасқан үрдіс емес. Кинотеатрлар – жеке компаниялар. Сондықтан фильмді қай уақытта көрсету, сеанс санын көбейту немесе азайту – олардың өз құзырындағы мәселе. Менің­ше, олар прокаттың алғашқы бірінші, екінші күнінде көрермен сұранысын байқап көреді. Егер сол күндері қазақша сеанстарға билет аз сатылса, кейін олар­дың саны да, прайм-таймдағы үлесі де қысқарады. Өйткені кинотеатр үшін бұл, ең алдымен, коммерциялық мәселе екенін ескеруіміз керек. Өз тәжірибемде танымал фильмдердің орыс тіліндегі сеансында зал лық толып, касса алдында ұзын-сонар кезек болғанын, ал қазақша нұсқасына келген көрермен саны әлде­қайда аз екенін талай көрдім. Бұл – біз мойындауға тиіс шындық. Сондықтан мұны қазақ тіліне әдейі жасалған қастан­дық деп қабылдау дұрыс емес. Кинотеатр да өзінің табысын есептейді. Егер қазақша сеанстың алғашқы күнде­рінде әр залда ине шаншар орын болмаса, сеанс санын көбейту кинотеатрдың өзіне де тиімді болар еді. Демек, көрермен қызы­ғушылық танытса, билет сатылады, ал билет сатылса, сеанс та сақталады.

– Бүгінде әйгілі Disney студиясы өз өнімдерін қазақ тілінде жарыққа шығара бастады. Қуантатыны да сол – ана тілі­міздегі өнімдерді әлемдік студияның қаржыландыруы. Мұндай бірлескен жоба­лар нарықта өзін-өзі ақтап отыр ма?

– Білуімше, жобалар өзін белгілі бір деңгейде ақтап келеді. Кейде бір табысты жоба осыған дейінгі көрсеткіші төмен болған бірнеше жобаның шығынын өтеуі мүмкін. Бұл – кино индустриясында кезде­сетін қалыпты құбылыс. Бірақ өз басым Disney-дің қазақша дубляж жоба­сын қолға алудағы түпкі көздегені – тек та­бысқа кенелу деп ойламаймын. Бұл тұс­та ең маңызды көрсеткіштердің бірі – қоғамның ықыласы артуы. Қазақ тілінде дыбысталған шетелдік фильм туралы қаншалықты жиі айтылады, оған деген қызығушылық өсіп келе ме және көрер­мен әлемдік контентті қазақ тілінде көруге қаншалықты дайын? Бастапқыда осы көрсеткіштер негізге алынады. Егер мақ­сат тек табыс табу болса, бәлкім, алғаш­қы фильмнен кейін-ақ бұл бастама тоқтап қалар ма еді?! Бірақ олай болған жоқ. Жобаның жылдар бойы жалғасуы­ның өзі оның алдында тек коммерциялық емес, әлдеқайда ауқымды мақсаттар тұрғанын көрсетеді.

– Егер жаһандық бренд қазақ тілін на­рық ретінде көре бастаса, отандық кино­өндірушілер неліктен қазақ тіліндегі дубляжға дәл сондай сеніммен қарамасқа?.. 

– Бұл сұрақты киноөндірушілердің өзіне қойған дұрыс болар. Дегенмен бұл пікіріңізбен мен де келісемін. Өйткені қазіргі уақытта дубляж деген қолжетімді құрал бар. Мәселен, фильмнің түпнұс­қасы қазақ тілінде түсірілсе, оны кейін орыс тіліне немесе шет тілдеріне кәсіби түрде дыбыстауға мүмкіндік бар. Бұған дубляж саласындағы шығармашылық тобымыздың әлеуеті жеткілікті. Іс жүзінде мұндай мысалдар да көп. Айталық, «Дәстүр» фильмінің бірінші бөлімі қазақ тілінде түсірілсе, ал орыс тіліндегі нұсқа­сын біздің шығармашылық топ дыбыс­тады. Бұл техникалық жағынан да, шы­ғар­машылық тұрғыдан да қол­же­тімді. Десек те барлық автор бірден қазақ тіліне көшіп кете алмайды. Оған себеп бірнеше фактор бар. Егер тіл тұр­ғысынан қиындық туындаса, шығармашылық тобымыз кез келген тілге кәсіби түрде дыбыстап беруге әзір. 

– Кейде түпнұсқадан қазақ тіліне ауда­рылған сарказм, сленг сияқты дүние­лер мағыналық тұрғыда толық ашылмауы мүм­кін. Мұндай кезде түпнұсқаны сақ­тауға тырысасыздар ма, әлде қазақ көрер­меніне түсінікті балама іздейсіздер ме?

– Мұның бәрі фильмнің көркемдік идеясына байланысты. Кейбір қалжың немесе сөз орамы бізге жақын болуы мүмкін, ал енді бірі менталитетімізге, ойлау жүйемізге мүлде үйлеспей жатады. Егер туындының мәдени контексті бізге мүлде жат болса, көрерменге түсінікті әрі табиғи естілуі үшін кейбір тұсын бейім­деуге болады. Ең бастысы, кейіпкердің болмысы мен авторлық идея өзгермеуге тиіс. Ал кейбір өзге мәдениет өкілдері бізге географиялық тұрғыдан алыс болға­ны­мен, рухани жағынан жақын келеді. Мысалы, «Қара қабылан: Ваканда жасасын» фильмінде Африка мәдениеті көрсетілгенімен, ондағы патшаға деген құрмет, үлкенге ізет, батырға құрмет көрсету, бір-бірімен сыпайы түрде сөй­лесу секілді құндылықтар қазақы таным­ға бөтен емес. Кішінің үлкенге ізет біл­діруі, мәртебесіне қарай сөз сап­та­уы – біздің мәдениетімізде де бар құндылық. «Коко­ның құпиясы» сияқты фильмдерде де бізге жақын осындай мәдени реңктер кез­деседі. Ал таза еуропалық немесе қазіргі америкалық фильмдерде жағдай өзгеше. Кейбір әзіл, сленг немесе қарым-қатынас үлгісі бізге мүлде жат көрінуі мүмкін. Мұндай кезде оны қазақ көрер­меніне табиғи естіле­тіндей етіп бейімдеуге тура келеді. 

– Кейбір сөздерді қазақша дубляжға енгізгенде, қоғамның реакциясын алдын ала ескересіз бе? Мысалы, «Астапыралла» сияқты сөздердің фильмдегі қолданысына қандай өлшеммен қарайсыздар? 

– Әрине міндетті түрде ескереміз. Шы­ғармашылық топпен бірге әр ұғым­ның кейіпкерге, оқиғаға, фильмнің таби­ғатына қаншалықты үйлесетінін талқы­лаймыз. Жұмыс барысында кейде аяқ ­ас­тынан туған шешімдер де болады. Мысалы, «Өрмекші адамда» орысша сөйлеген кейіпкерге Өрмекші адамның «Рақмет, бірақ мен орысша түсінбеймін» деген репликасын қостық. Бұл түпнұс­қада болмаған, сол сәтте пайда болған шешім еді. Кейін бір ғана сөйлемнің көр­ермен арасында үлкен резонанс тудырғанын көрдік. Сол сияқты «Коко­ның құпия­сында» «Астапыралла» деген репликаны енгізгеніміз есімде. Ол алғашқы анима­циялық күрделі жоба­ларымның бірі еді. Бәлкім, кей тұста локализацияға еркі­нірек қарап, бояуын қалыңдатып жібер­ген шығармыз. Бірақ бір нәрсені ес­кергеніміз жөн. Қазақша дубляж ең алды­­мен қазақтілді көрермен үшін жасалады. Сондықтан сөз кейіпкер­дің эмоциясына дәл келіп, қазақ аудитор­иясына табиғи естіліп, фильмнің негізгі мазмұнына нұқсан келтірмесе, оны орынды қолдануға болады. «Астап­ыралла» да сол сахнада жат естілген жоқ, керісінше қазақ көрермені мұны түсінікті әрі табиғи ұғым ретінде қабылдады.

– Қазір дубляжда танымал әншілер мен блогерлер жиі көрініп жүр. Бұл көрерменді тартудың бір тәсілі ме?

– Оның негізгі себептерінің бірі, әрине, маркетинг. Біз қазақша дубляж туралы мүмкіндігінше көп адамның білгенін, қазақтілді көрерменнің ғана емес, жалпы аудиторияның назары осы бағытқа ауғанын қалаймыз. Сол себепті жасыратыны жоқ, бұл маркетингтің қалыпты тәсілі. Екінші себеп – шығарма­шылық қажеттілік. Әсіресе музыкалық фильмдерде кәсіби дубляж актерінің вокалдық мүмкіндігі кейіпкердің ән партиясын орындауға жете бермейді. Бұл үлкен вокалдық дайындық пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан мұндай сәтте кәсіби әншілердің көмегіне жүгінеміз. Мәселен, түрлі жобада Жар­қынай Ханайым, Айгүл Иманбаева, NAZIMA, Abik Jeksen, Динара Сұлтан және т.б өнер иелері қатысты. Танымал тұлғаларды тартудың тағы бір тиімді тұсы бар. Көрермен өзі жақсы көретін әртістің дауысын үлкен экраннан естігенде, оның сол жобаға деген қызығушылығы да оянады. Мысалы, ертең Димаш Құдай­бер­генге дәл келетін, оның дауысы мен мүмкіндігін толық аша алатын кейіпкері бар фильм ұсынылса, оны қуана-қуана шақырар едік. Димаштың уақыты сәйкес келсе, әрине. Өйткені қазақ тіліндегі мұндай жобалар әншінің шетелдегі жан­күйерлерінің де назарын аударуы ықтимал.

– Қазір дубляж саласында өзін сынап көргісі келетін жастар көбейді. Дубляжға жол ашу үшін алғашқы қадам­ды неден бастаған жөн? Бұл салаға тек дайын таланты бар адамдар келе ме әлде осы ортаға келгеннен кейін өзінің жаңа қырын ашқан мысалдар да бар ма?

– Ең әуелі айтарым, бұл салаға ешкім дайын талант болып келмейді. Қанша жерден табиғи дарыныңыз, жақсы дауысыңыз немесе актерлік қабілетіңіз болса да, оның бәрі білім­мен толығып, тәжірибемен шыңдалуға тиіс. Елімізде «дубляж актері» деген бөлек мамандық жоқ. Оның түп негізі – актерлік өнер. Ал сол өнерді кейін қай арнаға бұратыныңыз өзіңізге байланысты. Бақытымызға қарай, Қазақстанда актер мамандығын кәсіби деңгейде үйрететін оқу орындары бар. Сондықтан бұл жолға шынымен келгісі келген адам ең алдымен мықты негіз қалыптастыруы керек. Қазір менен «дуб­ляжға қалай кіруге бола­ды?», «кас­тингке қалай қатысамын?», «қай жер­ден үйренемін?» деп жиі сұрайды. Иә, бұл саланы оқытатын арнайы курс­тар да көбейді. Олардың арасында шыны­мен пайдалысы бар шығар. Бірақ бірнеше айлық курс немесе онлайн сабақ кәсіби оқу орнында қалыптаса­тын мектептің орнын баса алмайды. Сондықтан ең дұрыс жолы – кәсіби маманның алдынан өту. Академиялық мектеп кейде ескірген дүние секілді көрінуі мүмкін, десе де актерлік өнерде оның беретін іргетасы өте мықты. Жақсы ұстаздың шеберханасында шыңдалу – кейін өз жолыңды сенімді бастауға көмектеседі. 

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашы­лық өрлеу тілейміз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ