Теперіш түнегіне тұншыққандар

Меркідегі 19 жастағы келіншектің қазасы көпшілікті бейжай қалдырмады. Өрімдей жастың ерте үзілгені – қоғамды дүр сілкінтті.

Рас, кейінгі жылдары бұл бағыттағы заңнамалық талаптар күшейіп, жауапкершілік қатаңдатылды. Президент әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту қажет деген еді. 

Мемлекет басшысының бас­­тамасымен қабыл­дан­ған заңнамалық өзгерістер аясында әйелдер мен балаларға қа­тысты қылмыстар үшін жауап­­кер­шілік күшейді. Қазір ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әре­кеттері үшін қылмыстық жауап­кершілік қарастырылған. Солай бола тұра, тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тың құрбаны болған қыз-ке­лін­шектердің әлі де өзін қорғай ал­мауының сыры неде? 

Белгілі сарапшы, зерт­теу­ші ғалым Әйгерім Құ­сайын­­қы­зы­ның айтуынша, 2024 жылғы 15 сәуірде қабылданған заң осы бағыттағы маңызды қа­дам­дардың бірі болды. Заңна­ма­лық өзгерістер нәтижесінде ұрып-соғу және ден­саулыққа қа­­­сақана жеңіл зиян кел­тіру қыл­мыстық жауап­кер­ші­лік аясына қайтарылып, тарап­тар­дың татуласуына байланысты іс­ті тоқтату мүмкіндігі шектелді. 

– Заңның күшейтілуі – дұ­рыс ба­ғыт. Бірақ біз зорлықтың сал­да­рымен ғана емес, оған алып ке­ле­тін ұзақ процеспен де  кү­ресуіміз ке­рек. Тұрмыстық зор­лық әр­дайым бір күнде бас­та­­лып, бірден ауыр дене жара­қа­тынан көрін­бей­ді. Оның өзе­гінде адамның ав­тономиясын жүйелі түрде жою жатуы мүмкін. Қар­жысын бақы­лау, кіммен сөй­лесетінін шектеу, құ­жатын алып қою, жүріс-тұры­сын қада­ға­лау, үнемі кемсіту – мұ­ның бәрі мәжбүрлеп бақы­лау­дың көріністері. Бірақ осы әре­кет­тер­дің көбі біздің қылмыстық заң­­намада дербес құрам ретінде қа­растырылмайды. Сондықтан заң көбіне зорлық тізбегінің соң­­ғы буынына ғана жетеді, – дей­ді Әй­герім Құсайынқызы.

Оның пікірінше, мұндай іс­тер­де «неше рет ұрды?» деген өл­­­­шеммен қарау – жеткіліксіз. «Ал ғалымдардың тұжырымы бойынша дұрыс өлшем  эпизод са­ны емес, бақылау деңгейі. Бір рет те ұрмаған, бірақ толық тәуел­ділікте ұстаған қатынас өлім­ге бір емес, бірнеше эпизодтан гөрі жақынырақ тұруы мүм­кін. Тәуекелді бағалау құралы бізде енгізілмеген», – дейді сарапшы. 

Қауіп – қайдан?

Әйгерім Құсайынқызы ха­лық­аралық тәжірибеде тұр­мыс­тық зорлықтың адам өліміне ұла­су қаупін бағалайтын арнайы әдістемелер бар екенін айтады. Со­ның бірі – зерттеуші Джак­лин Кэмпбелл әзірлеген Danger Assessment қауіп-қатерді бағалау құралы. Онда қаруға қол­же­тім­ді­лік, буындыру, жүктілік кезін­де­гі зорлық, өлтіремін деп қор­қыту, жәбірленушінің қарым-қатынасты үзуге талпынысы, агрессордың жұмыссыздығы мен шектен тыс қызғанышы се­кіл­ді факторлар ескеріледі.

Оның пайымдауынша, Қа­зақстанда осындай тәуекел фак­торларын бір жүйеге жинақтап бағалайтын ресми хаттама әлі де қажет. Әсіресе әйелдің ажырасу­ға шешім қабылдауы немесе үй­ден кетуге дайындалуы, қауіп­тің азайғанын емес, керісінше, кей жағдайда күшейгенін біл­діруі мүмкін.

– Біз «Неге кетпеді?» деген сұ­рақтан арылуымыз керек. Бұл – зерттеу сұрағы емес, жауап­кершілікті құрбанға аударатын формула. Керісінше,  «Аг­рессор неге жібермеді?» деп сұра­ған дұрыс. Қатынасты үзуге ше­шім қабылдаған немесе ажы­ра­суға арыз берген адам жоғары тәуекел тобына жатқызылып, оған қауіпсіздік жоспары ұсы­ны­луы керек. Өйткені кету ке­зеңі – ең қауіпті кезеңдердің бірі, – дейді зерттеуші.

Ол буындыру мен тұн­шық­тыру әрекеттеріне де айрықша назар аудару қажеттігін айтады. Мұндай әрекет кейде көзге кө­рінетін ауыр із қалдырмаған­дық­тан, оның қаупі толық баға­лан­бауы мүмкін. Ал халық­ара­лық зерттеулер бұрын буын­дыру­ға ұшыраған әйел үшін кейін өлімге әкелетін зорлық қау­пі айтарлықтай жоғары бола­ты­нын көрсеткен. Сондықтан сарапшы мойын аймағына қы­сым көрсетуді жеке қауіп факторы ретінде қарастырып, сот-медициналық сараптаманың ар­найы хаттамасын енгізуді ұсы­нады.

Қорғау нұсқамасының бе­рілуі де жәбірленушінің қауіп­сіз­дігі толық қамтамасыз етілді де­ген сөз емес. Әйгерім Құ­сайын­­қызы келтірген дерекке сәйкес, Астанада 2026 жылдың басынан бері 6,5 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, оның та­лаптарын бұзғаны үшін 300-ге жуық адам жауапкершілікке тар­тылған. Сарапшының пікі­рін­ше, ендігі мәселе – нұсқа­ма­ның орындалуын тиімді бақы­лау. Электронды бақылау, шұ­ғыл байланыс құралдары және кезеңдік тексеру секілді тетіктер қауіпсіздікті күшейте түсер еді.

– Экономикалық зорлық – мәж­бүрлеп бақылаудың негізгі құралдарының бірі. Адамның өз ақшасы, жеке банк шоты, тұрақ­ты немесе қашықтан табыс табатын мүмкіндігі болмаса, «кет» деп айту оңай болғанымен, оны жүзеге асыру  қиын. Әсіресе қо­лында кішкентай баласы бар әйел үшін кету – тек құқықтық ше­шім емес, логистикалық және қар­жылық мәселе, – дейді ол.

Дағдарыс орталығы жеткілікті ме?

Қазақстанда тұрмыстық қиын­дықтан (зорлықтан) қаш­қан әр әйел паналайтын орын – дағ­дарыс орталығы. Ал мұндай ор­талықтар бізде көп пе? Әй­ге­рім Құсайынқызы келтірген мә­ліметке сүйенсек,  ресми құ­жаттарда елдегі 33 дағдарыс ор­та­лығы көрсетілсе, кеңірек есеп­­­­терде 15 мемлекеттік және 46 мемлекеттік емес ұйымдағы жал­пы 976 төсек орны туралы де­рек бар. Ал халықаралық әдіс­темелердегі халық санына шақ­қандағы есеппен Қазақстанға ша­мамен 2 мың орын қажет болуы мүмкін. Яғни қажеттілік пен қолда бар мүмкіндік арасын­да елеулі алшақтық бар. Оның үстіне мұндай орталықтардың ба­сым бөлігі ірі қалалар мен облыс орталықтарында орна­лас­қан. Аудан мен ауылда тұратын әйел үшін орталыққа жетудің өзі жол ақысы, баланы алып жүру, құ­жаттарды жинау тәрізді қо­сым­ша қиындық туғызады.

– Қазіргі модельде кейде зор­лық жасаған адам емес, жә­бірленуші үйінен кетеді. Әйел жұ­мысын, әлеуметтік ортасын, ба­ласының мектебін тастайды. Ал агрессор өз үйінде қалады. Сон­дықтан агрессорды үйден шы­ғару, оның қозғалысын бақы­лау және мінез-құлқын өз­гер­туге бағытталған міндетті бағ­дарламаларды дамыту қажет. Жазасын өтеп келген адамның бұрынғы мінез-құлқы өзгермесе, қауіпсіз деп айтуға тағы болмайды, – дейді сарапшы.

«Шыда» деген бір ауыз сөз де қауіпті

Тұрмыстық зорлықтың тамыры тереңде жатқан секілді. Өйткені  кей тұста  «әң­гі­мені сырт­қа шығарма», «шы­да», «ұят болады» деген түсінік­тер де жәбірленушінің өзгеден кө­мек сұрауына кедергі болуы мүм­кін. 

Сарапшы мұндай ұста­ным­дар әйелдің ата-ана­сы­ның үйіне қайту жолын жа­ба­ты­нын, басындағы халді  ашық айтуға кедергі келтіретінін және жауапкершілікті агрессордан жәбірленушінің өзіне аударып жіберетінін айтады.

– Ата-ананың үйі қыз үшін бі­рінші деңгейдегі қауіпсіз орын болуы керек. Қайтып келген қыз­ды кінәламау, «ел не дейді?» деп қайтадан зорлық бар ортаға жі­бермеу – өте маңызды. Кейде осын­дай қарапайым қоғамдық өз­герістің өзі құқықтық ре­фор­ма­мен тең әсер береді. Үшінші тұл­ғаның үнсіздігі де зорлықтың жалғасуына жағдай жасайды. Көрші, дәрігер немесе әріптес «бұл – өздерінің отбасылық мә­селесі» деп одан сырт айнал­ма­ғаны жөн, – дейді ол.

Әйгерім Құсайынқызы мә­селенің алдын алу үшін жасөс­пі­рімдерге қарым-қатынастағы жеке шекара, келісім, психо­ло­гиялық қысым мен мәжбүрлеп ба­қылаудың белгілерін мектеп жа­сынан түсіндіру қажет деп есеп­тейді. Мұндай білім тек қыз­дарға емес, ұлдарға да бірдей берілуге тиіс.

Телефонды үнемі тексеру, достарымен және туған­дарымен араласуға тыйым салу, ақ­шаны толық ба­қылауға алу, жүйе­лі кемсіту, әр жағ­дайға «өзің кінә­лісің» деп айыптау, жүк­­тілік кезінде агрессия таныту – бұ­лардың бар­лығы фи­зи­­ка­лық күш қолданылмай тұрса да, зор­лықтың бастал­ғанын білдіруі мүм­кін.

Мұндай бел­гі­лер­ді тек отбасы мүше­лері ғана емес, мұға­лім, мек­теп дәрігері, әлеуметтік қыз­­­меткер де тани білуі қа­жет. Ал жоғары тәуе­кел байқалған жағ­­дайда полиция, прокуратура, сот, ден­саулық сақ­тау, әлеу­меттік қорғау және дағ­дарыс ор­талықтары өзара ақпарат алмасып, нақ­ты істі бірлесе қадағалайтын жүйе болғаны дұрыс.

Өйткені зор­лық – бір отбасының жабық есі­гі­нің ар жағында қалатын жеке мәселе емес. Оның алғаш­қы белгілерін  көріп тұрып еле­меу – қауіптің тамыр жаюына мүм­кіндік беру. Ал кез келген зә­бір шеккен адамның көмек сұра­ғаны әлсіздігі емес, қауіпсіз өмірге жасалған қадам екенін қо­ғам түсінгені абзал.

Кез келген адам  (қыз болса да, ұл болса да) қауіп төнген жағ­­дайда полицияға, меди­ци­на­лық мекемеге немесе дағдарыс орталығына жүгінгені жөн. Ол үшін «ұят» деген ұғымды жиып қой­ған абзал. Әйтпесе, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа шыдап, көніп жүрген кейбір қыз-ке­ліншектердің өмірінің соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. 

P.S. 

Қоғам қатерлі шекке жақындады. Отбасы құндылықтары  төңкерілген қазандай аударылып қалды. 

Өзара түсіністік, жарасымды сыйластықтың орнын материалдық құндылықтар алмастыруда. Соның салдары – бір аспанның астында жүрсек те, бір шатырдың астында өмір сүруге дайын болмауға алып келді.

Өмірдің тұйығы  – батпақтың ұйығы. Бір батқан соң шығу қиын.

Қабырға артындағы қасіретке қашан тоқтам болады? 

Әлде осылай кете бере ме?

Гүлзина БЕКТАС