Құрманғазыға бес сұрақ: күйші өміріндегі әлі де жауабы нақтыланбаған мәселелер

Мақсат - жауап табу емес. Деректерді қатар қойып, қайшылықтың қайдан шыққанын көрсету.

Адам өмірден өтеді, бірақ оның қоғам жадындағы ғұмыры жалғаса береді. Неміс ғалымы Ян Ассман мұны «мәдени жады» ұғымы арқылы түсіндіреді. Оның тұжырымында мәдени жады өткенді сол күйінде сақтайтын қойма ғана емес. Қоғам белгілі бір тұлғаларды, оқиғаларды, мәтіндер мен мұраларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оларға әр кезеңде қайта оралады. Кейде бұрыннан белгілі деректер жаңаша оқылады, архивтен жаңа мәлімет табылады, ал қалыптасқан түсініктер қайта қаралады.

Құрманғазы Сағырбайұлы да осындай тұлғалардың бірі. Күйшінің есімі мен шығармалары қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналғанымен, оның өмірбаяны мен мұрасына қатысты барлық мәселе біржола шешілді деуге болмайды. Керісінше, әр кезеңдегі еңбектерді салыстырғанда бір мәселеге қатысты бірнеше түрлі мәлімет кездеседі.

Сондықтан бұл мақалада Құрманғазыға бүгінгі күннің биігінен бес сұрақ қойып көрмекпіз. Мақсат - жауап табу емес. Деректерді қатар қойып, қайшылықтың қайдан шыққанын көрсету.

1. Құрманғазы ата, қай жылы дүниеге келдіңіз?

Құрманғазының туған жылына қатысты әдебиетте бір ғана дата орнықпаған. Ең көп кездесетін жылдар – 1806, 1818 және 1823. Мәселен, Ахмет Жұбанов Құрманғазының туған жылын анықтауда оның шәкірттері мен күйшіні білген адамдардың мәліметтеріне сүйенген. Дина Нұрпейісова, Меңдіғали Сүлейменов, Оқап Қабиғожин, Ыбырай Досалиев сияқты адамдар Құрманғазының туған жылын 1818 жыл деп көрсеткен. Жұбанов 1868 жылы Құрманғазымен кездескен Н.Савичевтің күйшіні «орта жастағы адам» ретінде сипаттауын да осы мерзімді анықтауға пайдаланған.

Ал кейінгі зерттеулерде 1823 жыл туралы нақты архивтік дәлел алға шықты. Өлкетанушы Мақсат Жолжан Астрахань облыстық архивінен 1882 жылы Краснояр түрмесінде отырған Құрманғазыға қатысты құжат тауып, онда күйшінің жасы 59-да деп көрсетілгенін жазады. 1882 жылдан 59 жасты шегергенде 1823 жыл шығады. Бұл дата кейін «Құрманғазы» энциклопедиялық жинағына және бірқатар зерттеулерге енді. Сонымен бірге Құрманғазы құлпытасындағы оның 73 жыл өмір сүргені жөніндегі мәлімет те 1823–1896 жылдар мерзімімен сәйкестендіріліп жүр.

Соған қарамастан, мәселе толық жабылған жоқ. Бұрынғы басылымдарда 1806 және 1818 жылдары кеңінен қолданылғандықтан, бүгін де әртүрлі даталар ұшырасады. Тіпті Құрманғазының мерейтойларының өзі әр кезеңде әртүрлі есеппен аталып өткен.

Сонымен, Құрманғазы нақты қай жылы туған: 1806, 1818 әлде архив құжаты меңзейтін 1823 жылы ма?

2. Туған жеріңіз қайда?

Туған жер мәселесінде де басты қайшылық екі өңірдің төңірегінде қалыптасқан. Бір деректер Құрманғазыны қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Жиделіде дүниеге келген десе, екінші бағыт оны қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданымен байланыстырады.

Кең тараған энциклопедиялық нұсқада Құрманғазы Бөкей хандығындағы, кейінгі әкімшілік бөлініспен Жаңақала ауданына қараған Жиделі жерінде туған деп көрсетіледі. Бұл мәлімет Ахмет Жұбанов, Исатай Кенжалиев еңбектерінде және бірқатар энциклопедиялық басылымда кездеседі. Яғни, күйшінің туған жерін «Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі» деп көрсеткен.

Бірақ даудың түйіні – «Жиделі» атауында. Өйткені бұл атау бір ғана географиялық нүктеге қатысты қолданылмаған. Өтепберген Әлімгереев Құрманғазы қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Жиделі құмында туған деген пікір білдірген. Ал бұған қарсы жазылған зерттеулерде тарихи әдебиеттер мен жергілікті қариялардың деректері салыстырылып, Құрманғазының туған жері Бекетайдағы Жиделі, яғни кейін Жаңақала ауданымен байланыстырылған аумақ деген тұжырым жасалады. Оның үстіне ХХ ғасырдағы әкімшілік шекаралардың бірнеше рет өзгеруі мәселені одан сайын күрделендірген.

Демек, мұндағы дау тек «Атырау ма, Батыс Қазақстан ба?» деген бүгінгі облыстық шекара мәселесі емес. Құрманғазы өмір сүрген кездегі Бөкей ордасының географиясын кейінгі әкімшілік бөліністермен сәйкестендіру және бірнеше «Жиделінің» қайсысы екенін анықтау мәселесі де бар.

Сонымен, Құрманғазы дүниеге келген Жиделі нақты қай Жиделі?

3. Қанша күй шығардыңыз?

Құрманғазы мұрасы туралы сөз болғанда «60-тан астам күй» деген мәлімет жиі айтылады.  Бірақ «бізге жеткен күй» мен «Құрманғазы шығарған күй» – бір ұғым емес. Құрманғазы дәуірінде күйлер бүгінгідей дыбыс жазу құрылғылары арқылы бірден тіркелген жоқ. Олар ұстаздан шәкіртке, бір күйшіден екінші күйшіге ауызша-аспаптық дәстүр арқылы тарады. Бір шығарманың бірнеше орындаушылық нұсқасының пайда болуы да осыдан. Мысалы, «Адайдың» өзінің Қали Жантілеуов, Дина Нұрпейісова және Науша Бөкейханов арқылы жеткен үш нұсқасы көрсетіледі.

Осы жерде сан мәселесі күрделене түседі. Бір күйдің варианттарын жеке шығарма ретінде санау керек пе? Атауы өзгеріп жеткен күйлер бар ма? Құрманғазы шығарғанымен, кейін ұмытылып кеткен шығармалар қанша? Керісінше, ауызша дәстүрде Құрманғазының атымен тараған барлық күйді оның авторлық мұрасына қоса аламыз ба? Сондықтан әдебиеттегі «60-қа жуық» деген сан Құрманғазы өмір бойы дәл сонша күй шығарған деген абсолютті көрсеткіштен гөрі, бүгін белгілі мұраның көлемі ретінде қабылдаған дұрысырақ.

Сонымен, Құрманғазының нақты қанша күйі болған?

4. «Адайдың» шығу тарихы қандай?

«Адай» – Құрманғазы есімімен бірге аталатын ең танымал күйлердің бірі. Бірақ оның шығу тарихының өзінде бірізді әңгіме жоқ. Жазба және ауызша деректерде күйдің дүниеге келуіне қатысты бірнеше нұсқа тараған.

Мәселен, бір нұсқада Құрманғазы Маңғыстауға барған сапарында Адай елінің ортасына түсіп, сол жерде Ақмаңдай есімді домбырашы қызбен күй тартысқаны айтылады. Осы оқиғамен «Адайдың» шығуы байланыстырылады. Сол Ақмаңдаймен тартысқанда қыз бала «Адайдың», Ал Құрекең «Серперді» тартқан деген де дерек бар. Тағы бір нұсқада бір нұсқада күйдің Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқан адай батырларына арналуы сөз болады. Ақселеу Сейдімбек «бұл күй Құрманғазы ынтық болған Адай қызы шешектен қайтыс болғанда шығарған жоқтау күйі» деп жазады.

Біз бүгін Құрманғазының «Адайы» деп орындайтын күйдің авторлық тарихы қаншалықты анық?

5. «Сарыарқа» қай жерге арналған?

«Сарыарқа» – Құрманғазы шығармашылығының шыңы саналатын күйлердің бірі. Оның шығу тарихының кең тараған нұсқасы Құрманғазының Сібірден елге қайтуымен байланыстырылады. Осы әңгіме бойынша күйші жер аударылып бара жатқан жерінен қашып, елге қайтар жолда қазақ даласын басып өтіп, «Сарыарқа», «Алатау», «Бас Ақжелең» секілді күйлерін шығарған.

Бірақ дәл осы жерде маңызды мәселе туындайды. Ахмет Жұбанов Құрманғазы күйлері кезінде хронологиялық тәртіппен қағазға түспегенін, сондықтан белгілі бір күйдің нақты қашан және қай жерде шыққанын кесіп айту қиын екенін ескерткен. «Сарыарқаның» Сібірден қашқан сапармен байланыстырылатын тарихы негізінен кейін жеткен әңгімелерге сүйенеді.

«Сарыарқа» атауының өзі де ойландырады. Бүгін «Сарыарқа» дегенде негізінен Орталық Қазақстанды түсінеміз. Ал Құрманғазыға қатысты кейбір түсіндірулерде бұл атау тар географиялық мағынада емес, қазақтың кең даласы, туған ел ұғымында қолданылғаны айтылады. Сондықтан күйдің атауын қазіргі әкімшілік немесе географиялық түсінікпен тікелей сәйкестендіру де сақтықты қажет етеді.

Бүгінгі Ақтөбе облысында Сарыарқа деген жер бар. Құрманғазының шығарған «Сарыарқасы» да сол жер деген сөздерді де естіп қаламыз.

Сонымен, «Сарыарқа» шынымен Сібірден қашып келе жатқан жолда туды ма, әлде бұл кейін Құрманғазы өмірбаянына орныққан күй аңызы ма?

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.