Сәкен Бибосынов алты жыл жеңілмеген намибиялық боксшыны ұтты

Бұл жеңіс Сәкен Бибосыновтың халықаралық аренадағы кезекті маңызды нәтижесі болды.

Астанада IBA Nomad лигасы ұйымдастырған International Boxing Day халықаралық бокс кеші жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кеш аясындағы кезекті жекпе-жекте Қазақстан құрамасының белгілі боксшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов рингке шықты. Оның қарсыласы Намибиядан келген тәжірибелі боксшы Иммануэль Йозеф болды.

Йозеф WBO Africa чемпионы. Бұған дейін намибиялық спортшы WBA Asia East титулын да иеленген. 52,1 келіге дейінгі салмақта өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған.

Боксшылар жекпе-жекті толық қашықтықта өткізді. Нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен Сәкен Бибосынов жеңіске жетті. Айта кетейік, С. Бибосыновпен кездескенге дейін Иммануэль Йозеф алты жыл бойы жеңілістің кермек дәмін татпаған. Намибиялық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың желтоқсанында өткізген болатын.

Бұл жеңіс Сәкен Бибосыновтың халықаралық аренадағы кезекті маңызды нәтижесі болды.