Қазақстанда жаздың соңғы күндері салқын болады

Жаздың соңғы күндерінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.

Атмосфералық фронттың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ жауады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

29 тамызда Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында, ал 30-31 тамызда Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында нөсер жаңбыр жауады. Кезең соңында солтүстік пен шығыста жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін.

Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Түнде кей жерлерде 0-5°С-қа дейін түсіп, 3°С-қа дейін үсік жүруі ықтимал. Күндіз 10-15°С шамасында болады.

Шығыс Қазақстанда да күн салқындайды. Ал оңтүстік өңірлерде ауа райы жылы сақталып, күндіз 25-35°С-қа дейін жетеді.

Батыс Қазақстанда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Бұл өңірде күндіз ауа температурасы 25-30°С, Маңғыстауда 25-35°С шамасында болады.