Ақмолада ер адам қозғалыстағы пойыздың астына түсіп, ауыр жарақат алды

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға вагон қозғала бастаған кезде болған.

Ақмола облысының Красивое ауылындағы теміржол станциясында ер адам қозғалыстағы вагонның астына түсіп, ауыр жарақат алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға вагон қозғала бастаған кезде болған. Зардап шегушінің екі қолы ауыр жарақаттанып, көп қан жоғалтқан. Ол Есіл аудандық ауруханасына жеткізілді.

Полиция ер адамның жергілікті тұрғын емес, көрші өңірден іссапармен келгенін анықтады. Оның теміржол құрамының маңында не себепті жүргені әзірге белгісіз.

Оқиғаға қатысты Көкшетау станциясындағы көліктегі полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша тергелуде.