«Кінәлілер жазалансын»: әскерде соққыға жығылған бұрынғы сарбаз ауыр жарақаты жайлы айтты

Қазір жас жігіт баспанасыз әрі қаражатсыз қалған.

Интернатта тәрбиеленген бұрынғы әскери қызметші Мадияр әскерде соққыға жығылып, ауыр жарақат алғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазір жас жігіт баспанасыз әрі қаражатсыз қалған. Оның оқиғасын қоғам белсендісі Гүлмира Абықай жариялады.

Мадияр 2025 жылдың мамырында әскерге шақырылып, Семейдегі ТЖМ-нің №68303 әскери бөліміне барған. Өз айтуынша, 6 шілдеде офицер оның басынан ұрып, кейін басқа әскери қызметші де соққыға жыққан. Салдарынан ол екі апта комада жатып, екі айға жуық ауруханада емделген.

Қоғам белсендісінің айтуынша, кейін офицер Мадиярдан шағымы жоқ екені туралы қолхат жазуды сұрап, оған 100 мың теңге беріп, Алматыға жіберген.

Қазір бұрынғы сарбаздың денсаулығы ауыр. Ол сөйлей алмайды, тамағына түтік орнатылған және ота қажет.

Мадияр жақында баспанасыз қалып, бірнеше күн тамақсыз жүрген. Қазір ол уақытша қауіпсіз жерге орналастырылды.

Жас жігіт өзіне көмек көрсетуден бұрын, әскери бөлімдегі өзін ұрып-соққандардың жауапқа тартылғанын қалайтынын айтқан.

«Маған көмек керек емес. Мен тек әскери бөлімдегі кінәлілердің жазаланғанын қалаймын», – деді Мадияр.