Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-президенті болып тағайындалды

Құрылтай депутаттары Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады.

Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-президенті болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында Вице-Президент және Премьер-министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысына қатысып, Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Вице-Президенті мен Премьер-министрінің кандидатураларын Құрылтай депутаттарымен келісті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді, Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады. 

Президент бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынды.

 – Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дауыс беруге қатысқан 145 депутаттың 141-і Ерлан Қариннің кандидатурасын жақтап дауыс берді.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-президенті болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі. 

Бүгін Құрылтай депутаттары Қазақстан Республикасының Вице-президенті мен Премьер-министрі лауазымдарына кандидатураларды мәлімдеу үшін бас қосты.

Ерлан Қарин 1996 жылы К.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша бітірді. «Тарих және география пәнінің мұғалімі» біліктілігі берілді.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірді.

Саяси ғылымдарының кандидаты.

1996 жылдан бастап – Ақтөбе қаласының №33 мектебінде география және тарих пәндерінің мұғалімі.

1998 жылғы наурыздан бастап – Қазақстан даму институтында саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Қытай және Ресей институты директорының орынбасары.

2000 жылғы шілдеден бастап – Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры.

2002 жылдан бастап – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі.

2003 жылдан бастап – Республикалық «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Заманауи саясат халықаралық институтының бас директоры.

2004 жылғы маусымнан бастап – Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы.

2006 жылғы мамырдан бастап – Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

2008 жылғы ақпаннан бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

2008 жылғы қарашадан бастап – «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму бойынша хатшысы.

2013 жылғы желтоқсаннан бастап – Вашингтондағы (АҚШ) Америка университетінің арнайы шақырылған профессоры.

2014 жылғы қазаннан бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2017 жылғы ақпаннан бастап – «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

2019 жылғы сәуірден – 2020 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2020 жылғы шілдеден бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.

2022 жылғы 5 қаңтарда Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы болып тағайындалды.

2022 жылғы 14 маусымдағы Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалды.

2026 жылы 30 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын.

«Құрмет» орденімен (2010 жылы), ІІ дәрежелі «Достық» орденімен (2019 жылы), ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен (2022 жылы), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» (2019 жылы) медалімен марапатталған.