БҚО-да 5 жыл бойы өзіне артық жалақы аударған бухгалтер ұсталды

Балабақша есепшісі өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы бюджеттен 30 миллион теңгеден астам қаражатты иемденуі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 30 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын иемденуі мүмкін,  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Аудан прокуратурасының жүргізген тексерісі нәтижесінде балабақша есепшісі өзіне штаттық кесте бойынша бекітілген еңбекақыдан жоғары мөлшерде қосымша қаражатты 5 жыл бойы негізсіз аударып келгені анықталды.

Осы факт бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап ("Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену"), тергеу жүргізуді Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Осы норманың санкциясы кінәлі тұлғаның мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.