Абай облысында осы бағыттағы жұмыстардың қазіргі ахуалы мен алдағы міндеттері облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Басқосудың өзегінде бір ғана мәселе тұрған жоқ. Су ресурсын тиімді басқару, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға қосу, ескірген ирригациялық жүйелерді жаңарту және суды аз жұмсап, мол өнім алуға мүмкіндік беретін технологияларды орнықтыру сынды бірнеше өзекті бағыт тоғысты.
Облыстағы суармалы жердің жалпы көлемі – 113,4 мың гектар. Алайда оның бүгінде небәрі 32,9 мың гектары, яғни 29 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Демек, 80,5 мың гектар алқап толыққанды ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген.
Мәселенің маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте атап өткен. Президент су тапшылығы күшейіп келе жатқан жағдайда суды барынша үнемдеу, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану қажеттігін айтқан. Мемлекет басшысының пайымынша, су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс жолға қою ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға да мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай облысының алдында тұрған міндет айқын: суды көбейту ғана емес, қолда бар суды ысырапсыз пайдалану.
Су тапшылығы жағдайында бұрынғыдай суды көп мөлшерде жұмсап, алқапты суландыра беру тәсілі уақыт талабына жауап бермейді. Қазір әлемнің көптеген елі суару технологиясын жетілдіру арқылы бір мезгілде әрі су қорын сақтап, әрі ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға ұмтылуда.
Абай облысы да бұл бағыттан тыс қалған жоқ. Биыл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемін 35 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 30,6 мың гектар жерде осындай тәсілдер пайдаланылып отыр. Оның 20,59 мың гектарында жаңбырлатып суару, 9,98 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл көлем 7,1 мың гектарға өскен. Бұл – оң динамика. Бірақ атқарылатын жұмыс әлі де ауқымды.
Суармалы жердің әлеуетін толық пайдалану үшін ең алдымен оған су жеткізетін инфрақұрылымның жағдайын түзеу қажет. Бүгінде облыста 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 551,2 шақырымды құрайтын 41 магистралды канал бар. Алайда олардың бәрі бірдей талапқа сай емес. 13 су торабы мен 401 шақырым каналдың жағдайы қанағаттанарлықсыз. Бұл жерде мәселе тек техникалық ақауда емес. Тозған канал арқылы тасымалданған судың бір бөлігі егістікке жетпей жоғалса, оны жаңа су көздерін іздеу арқылы ғана өтеу жеткіліксіз.
Президент те су инфрақұрылымындағы осы мәселені бірнеше рет көтерді. 2025 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы кейбір каналдардағы судың 50-60 пайызы далаға кететінін айтып, су есебін жүргізу мен су бөлу жүйесін жаңғыртудың маңыздылығына назар аударды.
Абай облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жоспар бар. Қазақстанның су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде облыста жеті жаңа су қоймасын салу, 12 су торабын және ұзындығы 278,3 шақырым болатын 28 магистралды каналды жаңғырту көзделген.
Қазір Қарғыба өзеніндегі су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жолданған. Қарақол су қоймасының жобасы әзірленіп жатыр. Тағы бес су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Бұл жобалардың мәні – су қорын тұрақтандырумен ғана шектелмейді. Су қоймасы ауыл шаруашылығы үшін кепілдендірілген ресурс қалыптастырады, ал жаңғыртылған каналдар сол ресурсты егістікке жеткізеді. Ақсуат ауданындағы «Қарғыба» су торабын реконструкциялау жұмыстары да осы мақсатқа қызмет етеді. Жоба 5822 гектар суармалы жерді қамтиды және оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жиында облыс әкімі Берік Уәли пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді қайта айналымға енгізу, шаруашылықішілік каналдарды қалпына келтіру, су үнемдеу технологияларын кеңейту және суармалы егіншілікке инвестициялық жобаларды тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл тапсырмалардың барлығы бір-бірімен сабақтас. Канал жөнделмесе – жерге су бармайды. Су үнемделмесе – қолда бар ресурс азаяды. Технология енгізілмесе – судың тиімділігі төмендейді. Ал инвестиция тартылмаса – жаңа жобалардың ауқымын кеңейту қиын. Сондықтан су шаруашылығына кешенді көзқарас қажет. Биыл облыста Су ресурстары және ирригация басқармасының құрылуы да осы міндеттердің жүйелі түрде шешілуіне мүмкіндік береді.
Абай облысы үшін суармалы жер – үлкен экономикалық ресурс. 113,4 мың гектардың небәрі 29 пайызы ғана игеріліп отырғанын ескерсек, өңірдің ауыл шаруашылығында пайдаланылмаған мүмкіндік аз емес. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы