Бала біздің болашағымыз десек, міне осы балғындардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуы – басты мақсатымыз. Алайда мектептер жаңа оқу жылына қаншалықты дайын? Санитарлық талаптар сақталған ба? Балалардың қауіпсіз білім алуы қаншалықты қамтамасыз етілген? Санаға салмақ салған сан сауалға жауап іздеп көрсек.
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, мекеме осы таңға дейін жергілікті билік өкілдері мен білім саласына жауапта мамандарға олқылықтардың орнын толтыру бойынша 30-дан астам хат жолдапты.
– Қазір облыста 530 мектеп бар. Оның 448-і мемлекеттік, 82-сі жекеменшік. 152 оқу ордасы қалада, 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар өңірде 10 мектеп-интернат жұмыс істейді. Білім ошақтарының 393-і үлгілік, 137-сі бейімделген ғимаратта орналасқан.
Білім беру нысандарының инженерлік инфрақұрылымы да әркелкі. Атап айтсақ, 440 мектеп орталықтандырылған, 89-ы жергілікті сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Мойынқұм ауданындағы Қашқантеңіз бастауыш мектебі болса, әлі күнге тіршілік нәрін тасымалдап тұтынады. Одан бөлек, 132 мектеп орталықтандырылған кәріз жүйесімен, 398 мектеп жергілікті кәріз жүйесімен қамтылған. Ал 108 білім нысанында орталықтандырылған, 422 оқу ордасында жергілікті жылыту жүйесі жұмыс істейді.
Жыл басында облыста апатты жағдайдағы екі мектеп болған. Мойынқұм ауданы Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы орта мектеп ғимаратының апатты жағдайда екені техникалық сараптама арқылы расталды. Мұнда 143 оқушы білім алады. Мектеп мәселесін жаңа ғимарат салу арқылы шешу жоспарлануда. Алайда жаңа оқу жылына бұл түйткілдің түйіні тарқамады. Сондықтан оқушылар жаңа оқу жылын ауылдық әкімдік ғимаратында бастап кетті. Ал Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің жаңа корпусы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен салынып аяқталды. Қазір жаңа санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді департамент басшысының орынбасары Салтанат Алибаева.
Биыл облыста алты мектеп пен бір интернат ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Жуалы ауданындағы К.Сағындықов атындағы №4, Қордай ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №28, Тараз қаласындағы №54, сондай ақ Шу ауданындағы Абай атындағы, С.Естемесов атындағы және Мойынқұм орта мектептерінде жөндеу жүргізілуде. Тараз қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында да жөндеу жұмыстары атқарылды. Интернаттағы жөндеу толық аяқталған. Жалпы мектептердегі құрылыс жұмыстары 72-99 пайыз аралығында орындалып отыр.
Жыл соңына дейін облыста 12 білім беру нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның үш-еуі – мектеп, қалған тоғызы – білім беру ұйымдарына арналған қосымша ғимарат. Аталған нысандар Байзақ, Жамбыл, Талас, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласында бой көтеруде.
Департамент тарапынан білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын бағалау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг те жүргізілген. Маусым айында облыстағы 532 нысан, оның ішінде 505 жалпы білім беретін мектеп, 14 мектеп интернат және 13 мектептің ас блогы зерделенген. Мониторинг нәтижесінде 524 объектіде санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталып отыр. Бұл – тексерілген нысандардың 98,5 пайызын құрайды. Бұл әрине алақайлайтын көрсеткіш емес. Сонда мектептердің түгелге жуығында санитарлық талаптар толық сақталмай отыр деген сөз.
Анықталған олқылықтардың дені жөндеу жұмыстарына қатысты тіркелген. 419 объектіде жөндеу жүргізу, 13 нысанда қоршауларды, 21 объектіде жол төсемін, 214 нысанда инженерлік желілерді ретке келтіру талаптары өрескел бұзылған. Нәтижесінде, заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 520 ұйғарым шығарылып, төрт нысанға жедел ден қою шаралары қолданылған.
Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданындағы екі және Тараз қаласындағы алты мектеп бойынша кемшіліктерді жоюға қаржы бөлу жөнінде жергілікті атқарушы органдарға сегіз жеке ұсыным жолданған.
Балалардың қауіпсіздігі мектеп ғимаратымен ғана шектелмейтіні белгілі. Олардың күнделікті тұтынатын өнімдерінің сапасы да санитариялық талапқа сай болуы керек. Жаңа оқу жылына дайындық барысында балалар киімдерінің 61 үлгісі зертханалық сараптамадан өткізілген. Оның ішінде 24 мектеп формасы мен сегіз мектеп сөмкесі тексерілген. Зерттеу барысында 26 үлгінің таңбалануы талаптарға сәйкес келмеген. Оның ішінде 15 мектеп формасы мен төрт сөмке анықталған. Сәйкессіз өнімдер бойынша оларды кері қайтару туралы тиісті қаулылар шығарылып отыр.
Мектептегі оқушыларды тамақтандыру сапасы да жіті назарда болуға тиіс. Бұл жөнінде күні кеше Құрылтай депутаттарының алғашқы отырысында Мемлекет басшысы да ескертті. Алайда әлі де болса «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз аз болмай тұр. Мәселен, 2025 жылдан бастап облыс мектептерінде жаңа Тамақтану стандарты мен мектепте тамақтандырудың үлгілік перспективалық мәзірі енгізілді. Жаңа талаптар тұз, қант пен майды тұтынуды азайтуға, көкөністер мен жемістерді көбейтуге, ет ассортиментін, соның ішінде жылқы етін әртараптандыруға бағытталған. Сонымен бірге шұжық, ысталған өнімдер және құрамында қанты жоғары шырындар секілді өнімдер мәзірден алынып тасталды. Бұл шаралар балалар арасында семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға бағытталып отыр. Десе де, алдыңғы жылы Байзақ ауданында бүтін бір сыныптың оқушылары астан уланып, ауруханадан бір-ақ шыққанын ел ұмыта қойған жоқ. Олардың қатарында мектеп ұстаздары да болды. Бұл балаларды тамақтандыру стандарттары әлі күнге сақталмай келе жатқанын анық аңғартып отыр. Одан бөлек, былтыр Байзақ ауданында мектеп жанындағы дүкеннен жеңіл тағамдар алып тұтынған тағы бір топ оқушы ауруханаға түсті. Бұның бәрі білім саласындағы салғырттық пен балаларды тамақтандыру жүйесіндегі жүйесіздікті көрсетуде. Осыған орай биыл санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жыл басынан бері аудандық білім бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдарға 121 ақпарат дайындалып, 46 семинар өткізілген. БАҚ-та 36 мақала жарияланып, 9 радиохабар ұйымдастырылған. Сонымен қатар 3 347 әңгімелесу, 522 дәріс оқылып, әлеуметтік желілерде 466 жарияланым орналастырылған. 11 «дөңгелек үстел» отырысы 3 акция және 53 «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, тұрғындармен 5 кездесу өткізілген. Бұл жұмыстар өз жемісін берсе құба-құп. Әйтеуір, сұлу сандар статистика күйі қалып, биыл тағы бармақ тістеп жүрмесек болғаны.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда кейінгі жылдары білім саласындағы жұмыстар сын көтермей, жауапты басшылар жыл тұрақтамай қызметтік орнын босатуда. Бұл әрине жақсылыққа апармайтыны анық. Сондықтан басқарма мен бөлім басшылары өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, бала тағдырын таразыға салмайды деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы