Алғашқы жарнасы аз, төлем мерзімі бес-жеті жылға созылады. Жарнамада көліктің толық құны емес, «айына небәрі 150 мың теңге» деген сома көрсетіледі. Осылайша темір тұлпар бұрынғыдан қолжетімді көріне бастады. Бірақ ай сайынғы төлемнің тасасында ұзақ жылға созылатын үлкен міндеттеме тұрғанын көбіміз елей бермейміз.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде елдегі автонесие портфелі 4,2 трлн теңгеге жеткен. 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш шамамен 1 трлн теңге болған. Демек, үш жарым жылдың ішінде автонесие нарығы төрт еседен астам ұлғайған. 2023 жылы өсім 77 пайызды, 2024 жылы 53,8 пайызды, ал 2025 жылы 42,1 пайызды құрады. Ұлттық банк халыққа берілген несиелердің ішінде автокөлік сатып алуға арналған қарыздарды жеке санат ретінде есептей бастады. Мұның өзі осы нарықтың банк жүйесінде қаншалықты салмақты орын алғанын аңғартады.
Нарықтың жылдам өсуімен бірге төлемі қиындаған несиелер де көбейді. Ұлттық банк деректеріне сүйенген Банктік омбудсманның мәліметінше, проблемалық автонесиелер көлемі 2023 жылы 93,8 млрд теңге болса, 2024 жылы 179,4 млрд теңгеге, 2025 жылы 211,5 млрд теңгеге жеткен. Ал 2026 жылғы 1 шілдеде 238,6 млрд теңгені құрады. Яғни үш жарым жылға жетпейтін уақытта проблемалық берешек 2,5 есе артқан. Бұл жай ғана құрғақ сан емес. Оның артында ай сайынғы төлемін кешіктіріп жүрген, табысы азайған немесе несиесін басқа қарызбен жауып отырған мыңдаған отбасы тұр.
Несие сапасын көрсететін тағы бір маңызды өлшем бар. Ол – үшінші сатыдағы, яғни құнсыздану немесе дефолт белгісі байқалған қарыздардың үлесі. 2025 жылы мұндай автонесиелердің үлесі 5,3 пайыз болса, 2026 жылғы 1 шілдеде 5,6 пайызға жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, ипотекадағы осындай қарыздардың үлесі небәрі 1,3 пайыз. Демек, автонесиедегі тәуекел ипотекамен салыстырғанда төрт еседен де жоғары.
Банктік омбудсман не дейді?
Бұл көрсеткіштер әзірге бүкіл нарық дағдарысқа түсті деген сөз емес. Бірақ көлікті несиеге алудың қалыпты тұрмыстық әдетке айналуы қарыз қаупін көмескілендіріп жібергенін көрсетеді.
Омбудсманның мәлімдеуінше, көп адам көлік аларда оның түпкі бағасын емес, ай сайын қанша төлейтінін сұрайды. Мәселенің түйіні де осында.
Айына 150 мың теңге төлей алатын адам дәл осы сомаға сай несие таңдауы мүмкін. Бірақ көлікке жұмсалатын шығын банк төлемімен бітпейді. Жанармай, міндетті сақтандыру, кейде КАСКО, май мен сүзгі ауыстыру, жөндеу, қысқы және жазғы шина, салық, тұрақ пен көлік жуу секілді шығындар қосылады. Жүрілген көлік болса, күтпеген жөндеуге қомақты қаражат қажет болуы ықтимал. Сөйтіп, банкке төленетін 150 мың теңге іс жүзінде отбасы қалтасынан ай сайын 220-250 мың теңге шығаруы мүмкін. Бірақ несие мақұлданар кезде осы қосымша шығындардың бәрі бірдей есепке алынбайды.
Үй мен көліктің айырмасы да осында. Үйдің бағасы ұзақ мерзімде өсуі мүмкін. Ал көлік салоннан шыққан күннен бастап арзандай бастайды. Сондықтан оның кепілде тұрғаны отбасы бюджетін қауіптен толық қорғамайды.
Қазақстанда азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын тежеу үшін борыш жүктемесінің коэффициенті қолданылады. Ол адамның барлық несие бойынша ай сайынғы төлемін оның табысымен салыстырады. Шекті деңгейі – 50 пайыз. Мысалы, айлық табыс 500 мың теңге болса, барлық қарыз төлемі, жалпы ереже бойынша, 250 мың теңгеден аспауға тиіс. Алайда 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылдың соңына дейін кейбір автонесиелерге осы талапты қолданбау жөнінде уақытша жеңілдік енгізілді. Ол кепілдегі жаңа көлікке, сондай-ақ алғашқы жарнасы белгілі бір деңгейден жоғары кейбір жүрілген көліктерге қатысты. Реттеуші мұны автокөліктің несие кепілі болуымен түсіндірген.
Бірақ кепіл банктің тәуекелін азайтқанымен, қарыз алушының күнделікті шығынын кемітпейді. Адам жұмысынан айырылса, машинасының кепілде тұрғаны азық-түлік пен коммуналдық төлемге ақша тауып бермейді.
Қарызды қайта құрылымдау тәртібі қандай?
Сондықтан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер автонесие беру кезінде борыш жүктемесінің коэффициентін қайта есепке алады. Бұған қоса, азаматтың жалпы қарызын оның жылдық табысымен салыстыратын жаңа көрсеткіш енгізілмек. Агенттіктің түсіндіруінше, жиынтық борыштың жылдық табысқа қатынасы шамадан тыс қарызды несие берілмей тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл – автонесиеге тыйым салу емес. Несиені адамның төлеу қабілетіне жақындату әрекеті. Өйткені банктің «мақұлданды» деген хабарламасы «бұл қарыз сізге қауіпсіз» деген кепілдік емес.
Қарызды қарызбен жабудың соңы
Төлем қиындағанда жасалатын ең қатерлі қадам – автонесиені жабу үшін тұтынушылық несие немесе шағын несие алу. Бір айдың мәселесі шешілгендей көрінеді. Бірақ келесі айда екі қарыздың төлемі қатар келеді. Осылайша жаңа несие ескі қарызды асырайтын тұйық айналым басталады.
Қарыз алушының ең үлкен қателігі – жағдай түзелер деп күтіп, бірнеше ай үндемей жүру. Қазақстанда төлем жасау қиындаған азамат банкке несие шарттарын өзгерту туралы ресми өтініш беруге құқылы. Мерзімді ұзарту, ай сайынғы төлемді азайту, уақытша шегеру, төлем кестесін өзгерту, өсімпұлдың бір бөлігін есептен шығару немесе кепілдегі көлікті өз бетінше сату секілді жолдар қарастырылуы мүмкін. Өтінішті қарағаны үшін банк ақы ала алмайды. Бұл тәртіптің барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолданылатынын Агенттік те түсіндірген.
Банкпен мәмілеге келу мүмкін болмаса, Банктік омбудсманға жүгінуге болады. Бірақ оған дейін банкке берілген өтініш пен жауапты, несие шартын, төлем кестесін және табыстың төмендегенін растайтын құжаттарды сақтаған дұрыс.
Автокредит елдегі көлік паркін жаңартуға мүмкіндік берді. Көп адамға жұмысына қатынауға, отбасын тасымалдауға, кәсіппен айналысуға жағдай жасады. Сондықтан автонесиені тұтасымен жаман құрал деу дұрыс емес. Мәселе – оны қалай және қандай есеппен алуда.
Кәмила ДҮЙСЕН