Сирек металдар сыры

Қазір сирек металдарды кім уысында ұстаса, әлемді сол билейді. Аса маңызды минералдар жаңа дәуірдің беталысын айқындайтын стратегиялық капиталға айналды.

Экономика да, геосаясат та, қауіпсіздік те осы ресурстың төңірегінде тоғысып жатыр. Қазақстанда бұл шикізаттың қыруар қоры бар. Бірақ жер қойнауында қордың болуы бір бөлек те, оны өндіру, терең өңдеу, технологиялық бәсекеге төтеп беру – өз алдына өзекті міндет.

Таяуда Қауіпсіздік Кеңесінде си­рек кездесетін металдар са­ла­сын дамыту мәселесі талқыланды. Мем­лекет басшысы Үкіметке геоло­гия­лық барлау, техногендік қалдық­тар­ды қайта өңдеу, зертханалық база­ны жаңғырту, кадрлар құрамын ны­ғай­ту, әкімшілік кедергілерді қыс­қар­ту жұмыстарын қадағалап тапсырды.

– Қазба байлығы мол елдер үшін әлем­дегі ахуал тиімді әрі бірегей мүм­кін­діктерге жол ашып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін­ше, мұны мемлекет мүддесіне пай­да­лану керек. Өйткені жасанды ин­тел­лек­тіні, жасыл энергетиканы, аэро­ға­рыш өнеркәсібін, қорғаныс ке­ше­нін сирек металдарсыз елестету мүм­кін емес. Мәселен, неодим, пра­­­­­зеодим, дис­прозий, тербий материалдары электр көлігінде, жел генераторында, суасты қайықтарының дыбыссыз мо­торында, F-35, Су-57, J-20 сынды бе­­­сінші буындағы ұшақтарда кеңінен қол­данылады. Бір ғана F-35 жой­ғы­шын құрастыруға 417 келі сирек ме­талл жұмсалады екен. Электрондық құ­ралдардың, энергия сақтау жүйе­ле­рі­нің негізін литий, кобальт, никель, мар­ганец құрайды. Сигналдарды өте жыл­дам өңдейтін галлий, германий, ин­дий, скандий секілді элементтер ЖИ чиптерін, талшықты-оптикалық бай­ланыс желілерін, түнгі бақылау ас­паптарын жасауда пайдаға жарай­ды. Ракета қозғалтқышында, реак­тив­ті ұшақ турбинасында, атом реак­торының корпусында, берен бұзғыш снарядтарда титан, ниобий, берил­лий, вольфрам, тантал тәрізді эле­мент­тер болады. Бұлардың қандай бір­лікте жұмыс істейтінін түсіну үшін қа­рапайым смартфонға қарайық: дисплейдің сенсор қабатында – мөл­дір индий оксиді, 5G чиптерінде – гал­лий арсениді, камера мен виб­ро­мо­торда – неодим магниттері, бата­рея­да – литий мен кобальт, плата мен кор­пуста тантал, вольфрам, титан бар. Яғни күнделікті қолымыздан түс­пейтін шағын құрылғының өзі бү­гінгі өркениеттің сирек металдарға қан­шалықты мұқтаж екенін көрсетеді.

Дүниежүзілік банк болжамынша, 2050 жылға қарай аса маңызды ми­не­ралдарға сұраныс 500 пайызға дейін арт­пақ. Сирек металдар нарығында гео­саяси текетірес әлден-ақ өршіп бара­ды. Басты мәселе кенді кімнің көп өндіргенінде емес. Шикізат шы­ғару – күрделі технологиялық тізбек­тің алғашқы кезеңі ғана. Одан соң кен­ді байытып, қажетті элементтерді бө­ліп алып, тазартып, озық техно­ло­гия­лық өндіріске жарамды материалға ай­налдыру керек. Қазір сирек ме­тал­дарды өңдеу қуаттарының 85-90 пайы­зы Қытай бақылауында. 2023 жыл­дан бері Бейжің бұл моно­по­лия­сын қысым құралы ретінде қолдануға көш­ті. Галий, германий, сурьма, гра­фит экспортына тежеу қойып, им­порт­қа тәуелді Батыс өнеркәсібіне ті­келей қауіп төндірді. АҚШ пен Еу­ропа оған жауап ретінде экспорт көз­дерін әртараптандыруға кірісті.

Сондықтан сирек металдар мә­се­лесі Қауіпсіздік кеңесінде кездейсоқ тал­­­қыланған жоқ. Президент осы ар­қылы «қауіпсіздік ұғымы әскери әлеует­пен шектелмейді» дегенді мең­зеп отыр.

Жалпы, Қазақстанда вольфрам, ти­тан, бериллий, рений, тантал, ли­тий, т.б. сирек металдардың орасан қо­ры шоғырланған. Олар дербес кен орын­дары түрінде де, полиметалл, кө­мірсутек кен орындарындағы ілес­пе компоненттер түрінде де кездеседі. Алайда геологиялық карталардың 70 пайыздан астамы 1960-1980 жылдары көнерген әдістемелер көмегімен тү­сі­рілген. Ел аумағы 1:200000 масш­та­бында түгел қамтылғанымен, егжей-тег­жейлі 1:50000 масштабындағы бар­­­­­лау нәтижелері 30 пайыздан ас­пай­ды. Халықаралық KAZRC, JORC стан­дарттарына сай қайта бағалау жұ­мыстары енді жүргізіле бастады. Бұл ескі геологиялық архивтердің сыр­тында әлі де ашылмаған кен орын­дары бұғып жатқанын білдіреді.

Жер астындағы қазынаның едәуір бөлігі – вольфрам мен ­молибден еншісінде. Мемлекеттік баланста 2,4 млн тонна вольфрам триоксиді немесе 1,9 млн тонна таза вольфрам тіркелген. Дүниежүзілік өнеркәсіп жылына 85-90 мың тонна вольфрам тұтынатынын ескерсек, біздегі ресурс Жер шарын жалғыз өзі 20 жыл бойы қамтамасыз етуге жете-ді. Молибден мөлшері 1,1 млн тон­наға жуықтайды. Вольфрам мен мо­либденнің ең ірі кен орындары Қарағанды облысында орналасқан. Мысалы, Жоғарғы Қайрақтыдағы вольфрам триоксидінің дәлелденген қоры 1,2 млн тоннадан артық. Осы өңір­дегі Қатпар, Көктенкөл, Алматы об­­л­ы­сындағы Бұғыты кен орын­да­ры­нан да көл-көсір молибден мен вольф­рам табылған. Бериллий қоры мем­лекеттік есепте 117,5 мың тонна де­лінеді. Әлемдік бериллий өндірісі­нің біржылдық көлемі небәрі 280-300 тонна десек, Қазақстан қоры ғалам­дық қажеттілікті 400 жыл жабуға қау­қар­лы екен. Осы бериллий, тантал жә­не ниобий ресурстары ШҚО-дағы Бе­логорск, Огневка, Бакенное кен орын­дарында көп. Титан мен цирко­ний­дің ерекше сапалы, оңай байы­ты­ла­тын қорлары СҚО-дағы Обухов, ШҚО-дағы Қараөткел, Сәтбаев ша­шыранды кен орындарында жинақ­талған. Жоғары технологияда айрық­ша бағаланатын рений қоры да әжеп­тәуір мол. Жезқазған, Балқаш мыс кен­дерін өңдеу барысында ілеспе ком­понент ретінде жылына шамамен 2-3 тонна аммоний перренаты алына­ды (ғаламдық өндірістің 5 пайызы). Кейін одан ыстыққа төзімді қорыт­па­лар құйылып, экономикалық құны бір­неше сатыға көтеріледі. Сол сияқ­ты Павлодар алюминий зауытында бок­­ситтерді өңдеу кезіндегі қал­дық­тар­дан галлий мен скандий бөлінсе, Кен­ді Алтайдың полиметалл руда­ларын­да ілеспе компонент түрінде ин­дий, селен, теллур ұшырасады. Ал тех­нология алпауыттарының көкейін тес­кен литийдің мемлекеттік баланс­тағы қоры – 226,9 мың тонна (жаһан­дық резервтің 0,5 пайызы ғана). Мұ­ның дені ШҚО-дағы Ахметкино, Юби­лейное, Бакенное, Жоғарғы Бай­мырза, т.б. қатты кен орындарына тие­сілі. Маңғыстау мен БҚО-дағы мұ­най-газ кеніштерінің ілеспе сула­ры­нан да мол мөлшерде гидроми­не­рал­дық литий анықталған. Ланта­ноид­тар тобындағы сирек жер метал­дарының нақты қоры – 50-70 мың тон­на. Құзырлы органдар Тараз, Шы­мкенттегі тыңайтқыш өндірісінен қал­ған фосфогипс үйінділерінен тағы 1,5 млн тоннадай сирек жер оксид­те­рін айыруға болады деп болжайды.

Мәселе кеннің аз-көптігінде емес, мәселе – осы элемент­тер­ді 99,99% тазалықта бөлетін жо­ғары технологиялық гидрометаллур­гия­ның жоқтығында. Қазақстанда сирек металдарды өндіру мен өңдеу үш негізгі бағытқа бағдарланған. Бірін­шісі – Өскемен титан-магний комбинаты. Онда титан құймалары, губкалы титан, ванадий пентоксиді өндіріледі. Әлемдегі әрбір алтыншы немесе жетінші Boeing, Airbus ұшақтарында ӨТМК титаны бар. Екінші бағыт – Үлбі металлургиялық зауыты базасындағы бериллий, тан­тал және ниобий өндірісі. Толық өн­дірістік циклі қалыптасқан бұл кә­сіп­орын бериллий бронзасын, бериллий ок­сидін, тантал ұнтақтары мен құй­маларын, ниобий өнімдерін шығара­ды. Үшіншісі – ілеспе сирек металдар (рений, бисмут, селен, теллур, галлий, индий) бағыты. «Жезқазғанредмет» зауы­ты мыс рудасын өңдеу қалдық­тарынан ренийдің аса сапалы тұзын бөліп алады. Сондай-ақ «Қазмырыш» пен «Қазақмыс» металлургиялық зауыт­тарында тазарту процесінде вис­мут, селен, теллур, индий элемент­тері түзіледі.

Амал қанша, бірқатар стратегия­лық ресурстар әлі де игерілмей жатыр. Мә­селен, елде литий металл түрінде де, оксид түрінде де өндірілмейді, оның жобалары тек геологиялық бар­лау деңгейінде тұр. Вольфрам да со­лай. Бұғытыда қытайлық Jiaxin International Resources инвесторының қа­тысуымен тау-кен байыту ком­би­на­тының құрылысы басталғанымен, нақты коммерциялық өнімдерін кү­туге әлі ерте. Сирек жер металдарын же­келеген оксидтерге бөлетін SARECO жобасы да жұмысын тоқтатқан.

Ендеше «Қазақстанның сирек ме­талдар қоры қанша?» деп сұ­ра­­ғанша, «сол қордың қаншасы эко­номикалық активке, активтің қан­шасы өндірістік жобаға, өндірістің қан­шасы қосылған құнға ұласады?» деп сұраған дұрыс. Әрине тек шикізат экс­порттаушымыз жауырды жаба то­қы­маймыз. Бірақ жоғары тех­но­ло­гия­ны бастан-аяқ меңгерген металл өн­діру­ші мемлекет те емеспіз. Мамандар аса маңызды металдар өнеркәсібін төрт кезеңге жіктеп қарастырады. Ал­ғашқы кезең руданы жер астынан не ашық карьерден қазу, екіншісі – руданы байыту, үшіншісі – метал­лур­гиялық өңдеу, төртіншісі – тұрақты ма­гниттер, литий-ионды батареялар, мик­рочиптер, ұшақ турбиналарының қа­лақшалары, т.с.с. жоғары техно­ло­гия­лық бұйымдар әзірлеу. Біз осы тіз­бектің орта тұсындамыз. Қолы­мыз­дан келетіні – кенді байытып, ме­­таллургиялық және химиялық жол­­­­­мен өңдеу ғана. Бірақ төртінші ке­зең жоқтың қасы. Кейбір металдар бойынша әлемдік дәрежедегі өн­ді­ріс­тік гиганттарымыз болса да жалпы өнеркәсіп моделіміз «шикізат өндіру – бастапқы байыту – жартылай фаб­рикат экспорты» шеңберімен шектел­ген.

Осылайша, қаншама табыстан қа­ғылып отырмыз. Мұны бір келі өнім­­­нің құнынан да байқаймыз. Ре­ний жай концентрат түрінде он неше дол­ларға, аммоний перренаты түрінде 1200-1500 долларға сатылса, турби­надағы шартты экономикалық экви­ва­ленті 15-20 мың доллар деп бағала­на­ды. Тантал да концентраттан ұнтақ­қа, ұнтақтан микрокомпонентке өт­кен сайын бірнеше есе қымбаттайды. Дайын өнімнің құнын өсіретін нәрсе – инженерия, технология, патент, сапа жүйесі һәм нарық. Қазақстанның негізгі ұтылатын жері осында.

Дегенмен сарапшылардың пі­кі­рін­ше, смартфон, микрочип, элект­ро­­мобильдер жасаймыз деп төртінші кезеңге құлаш ұрудың қажеті шамалы. Се­бебі ондай өндірістер тек сирек ме­талдарға емес, миллиондаған қо­сал­қы бөлшектер экожүйесіне, өткізу на­рығына, арзан микрочиптер өн­ді­рі­сіне байланған. Қазақстанда мұның бә­рін шығаратын толық циклді зауыт­тар салу экономикалық жағы­нан өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан «бә­рін өзіміз жасаймыз» деп кү­шен­бей, жаһандық тізбектегі эконо­ми­ка­лық тұрғыдан тиімді буынды таң­дауы­мыз керек. Концентратты оксид, ок­сид­ті таза химиялық өнім, хи­мия­лық өнімді металл, металды арнаулы қо­рытпа қылатын өндірістер – Қазақ­стан үшін анағұрлым пайдалы бағыт. Жоғары технологиялық өндіріс ме­тал­лургиялық зауыттың жалғасы ғана емес. Ол үшін инженерлер, зерт­ха­на­лар, компонент өндірушілер, сер­ти­фикаттау жүйесі, тұрақты энергия, кі­діріссіз логистика, үлкен тұтыну на­рығы қажет. Авиацияда, микроэ­лектро­никада жылдар бойы жиналған технологиялық тәжірибені бірнеше жылда сатып ала салу қиын. Кеннің минералогиялық құрамы әртүрлі бол­ғандықтан, бір кен орнына жарайтын тех­нология екіншісіне сол күйінде кө­шірілмейді. Минералогиялық тал­даудан байыту схемасына, пилоттық сы­нақтан өндірістік технологияға дейін­гі ұзақ жолда кедергі көп.

Қазақстандағы әлсіз буын осы тех­нологиялық көпірге байланысты. Зерт­­ханалық технологияның өн­ді­ріс­тік масштабта жұмыс істейтінін дә­лел­деу үшін Pilot Plant керек. Өнімнің та­залығы, реагент шығыны, энергия тұтынуы, қалдық көлемі, процестің тұ­рақтылығы тек осы кезеңде анық­та­лады. Содан кейін ғана банк қар­жы­ландыратын жобалық негіздеме жа­салады.

Тағы мәселе – капитал. Гео­ло­гия­лық барлаудан алғашқы ком­мерциялық өнімге дейінгі цикл 7-12 жылға созылуы ықтимал. Ин­вес­ти­циялық тәуекелі жоғары, қай­тары­мы ұзақ жобаларға ақша тарту қия­мет-қайым.

Кадр мәселесі де осы тізбектің өзе­гінде. Кеңестік металлургия мек­те­бі әлсіреген, ғылыми сабақтастық үзіл­ген. Минералог, гидрометаллург, хи­мик-экстракционист, процесс-ин­женер, материалтанушы және scale-up маманы жоқ жерде технологиялық өндіріс те ақсайды. 

Әйтсе де геосаяси жағдай Қа­зақ­станға сирек мүмкіндік сый­лап отыр. АҚШ, Еуропа, Жапо­ния, Оңтүстік Корея елдері Қытайға тәуелділікті азайтып, балама жеткізу тіз­бектерін іздеп жатыр. Галлий, гер­ма­ний, сурьма, графитке қатысты шек­теулер аса маңызды минерал­дар­ды ұлттық қауіпсіздік деңгейіне шы­ғар­ды.

Бұл Қазақстан үшін ашылған те­ре­зе іспетті. Рас, «бізде металл бар» де­сек, бәрі жаппай келе қалады екен деу­ге болмайды. Инвесторларға се­нім­ді заңнама, ашық геология, тех­но­логиялық өңдеу, ESG талаптарына сәй­кестік, ұзақмерзімді келісімдер қа­жет.

Еуроодақ Critical Raw Materials Act саясаты бойынша 2030 жылға та­ман стра­тегиялық шикізаттың ке­мін­де 10 пайызын өз ішінде өндіруді, 40 пайы­зын өңдеуді және бір ғана үшін­ші елге тәуелділікті 65 пайыздан асыр­­­­мауды көздейді. Қазақстан ли­тий, тантал, вольф­рам, бериллий, ти­тан жеткізу жө­нінде Еуропаның осы стратегиясын өз мүддесіне пайда­лана алады.

Ендігі жерде шикізат базасы рөлімен тоқмейілсіп қалмай, өн­дірістік серіктес деңгейіне көте­рілуі­міз керек. Шетелдік инвесторға «ли­цензия ал да, кенді қазып, экс­портта» деумен шектелмей, ресурсты иге­румен қатар Қазақстанда оны өң­дейтін өндіріс ашу, технология тарту жөніндегі талаптар қойылуға тиіс.

Осы орайда Аустралия, Канада, Чи­ли, Қытай тәжірибесінен сабақ алу­ға болады. Аустралия геологиялық ақпаратты айқара ашып, инвестордың тәуекелін төмендетті. Канада барлау ка­питалына салықтық ынталандыру бер­ді. Чили ресурсты ішкі өңдеу­ші­лер­ге бағыттайтын механизмдер қол­данды. Қытай сирек металдарды өн­діру­ден гөрі оларды бөлу, тазарту тех­нологияларына инвестиция салды.

Бәріндегі ортақ қағида айқын: мем­лекет зауыттарды өзі салмай, кері­сінше, зауыт салатын инвесторға жағдай жасаса игі. Ашық геологиялық мәлімет, инфрақұрылым, зерттеу, пи­лоттық база, тұрақты заңнама болса, капитал мен технология ертең-ақ өз аяғымен келеді.

Ең маңыздысы – қор көлемін ғана есеп­тейтін көзқарастан бас тарту. Әйт­песе кен бар, қор бар, өндіріс бар, экс­порт бар. Бізге жетіспейтіні – осы­ларды бір жүйеге біріктіретін тех­но­логиялық және қаржылық стратегия.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ