Елімізде 7 мыңға жуық кәсіпорын отандық өндіруші мәртебесін растады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкіметтің өнеркәсіптік саясаты терең өңдеуге, жоғары технологиялық өндірістер мен қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға ойысуда.

Нарықты делдалдардан тазарту мақсатында «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» іске қосылды. 6 946 кәсіпорын цифрлық верификациядан өтті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ал 1,1 мыңнан астам жалған өнім беруші тізілімнен шығарылды. Сондай-ақ қазақстандық қайта өңдеушілер үшін шикізаттың 25 түріне жеңілдетілген қолжетімділік кеңейтілді.

Атап айтқанда, әлемдік биржалық баға белгіленімен, 5%-ға дейін және экспорттық бағадан 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.

ҚР Үкіметінің ресми Telegram арнасында 2026 жылы 200 индустриялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда екені хабарланған. Олардың 84-і қазірдің өзінде іске қосылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жобалық қуатына шыққаннан кейін олар жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімін өндіре алады. Ал оның үштен бірі экспортқа бағытталады.