Президенттің айтуынша, бала мектепке зор ынтамен барып, оны білім алатын, достарымен араласатын, балалық пен жастық шақтың ең жарқын кезеңдерін өткізетін өз үйіндей қабылдауы керек. Осы орайда биыл балалары 1-сыныпқа барған ата-аналар өздерінің мектептегі бала күнін еске алып, бүгінгі білім ордасымен салыстырды. Қазіргі мектептен не күтетіні жайлы ойларын білмек болдық.
Ақ бантик, гүлдер, алғашқы қоңырау – ауылдың ажары
Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Писаревка ауылының тұрғыны Марина Малгаждарова еліміздің шалғай елді мекеніндегі мектептің заман талабынан қалыспайтынын айтып берді. Оның биыл екінші баласы 1-сыныпқа барады. Есімі – Адель, «Писарев орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде оқиды.
Айтуынша, кішкентай ғана ауылдың бір ғана мектебі бар. Соған қарамастан мектептің қажетті құрал-жабдықпен жабдықталуы, білікті ұстаздармен қамтылуы кемшін емес.
«Бүгінгі оқушыларға бүкіл жағдай жасалған. Мектепте жаңа технологиядан бөлек, жасанды интеллектіні де ендіріп жатыр. Дегенмен өзім 1-сыныпқа 7 жасымда барып, қыста 8-ге толғанмын. Естияр баласың сабақты алып кетуім де оңайға тиді. Ал осы күні баланы мектепке екі жас ерте береміз. Осыдан кейін «сабағын алып кете ме, жоқ па?» деп уайымдаймыз. Психикалық тұрғыда «олар дайын ба, жоқ па?» деп дүдәмалмыз», – дейді Марина Малгаждарова.
2001 жылы мектепқа барғанын еске алған ол қамсыз өмір сүргенін еске алды.
– Сол бір кезеңде, 1 қыркүйек күні көше ақ бантик байлаған, құшағы гүлге толған балаларға толып, бүкіл ауылға жан бітіретін еді. Алғашқы қоңыраудың салтанатты жиынына қатысып, сапқа тұрғанның өзін есейгендей көретін едік. Әсіресе, сол салтанатты жиында оқушылардың алғашқы қоңырауды алып жүруі – мәңгі есте қалатын сәттің бірі. Өйткені әр оқушы бүкіл ел алдына солай жүріп өтуді қалайтын. Оның өзіне екінің бірі іліге бермейтін, үздіктің үздігі ғана таңдалатын. 11-сынып оқушысы 1-сынып оқушысымен қоңырау соғып, салтанатты жиында жүріп өтетін. Қазір ондай дәстүрдің бар-жоғын білмедім, гүлге толы шулап жатқан көшені көрмейміз, – деді ол.
Аделяның анасы мектеп кезіндегі тағы бір сәтті еске алып, қалай кино көргенін айтып берді.
«Әлгі құрылғының аты есімде жоқ. Соған пленканы қойып, ертегілерді көретінбіз. Бізге соның өзі таңғаларлық дүние болатын. Қазір ше, аудио-видео техника жетілгені сонша, балалардың өздері фильм түсіре алатын күйге жетті. Уақыт өте бәрі өзгереді екен. Қазір заман да, білім де, жүйе де, талап та басқа. Соған сай оқушылардың жүктемесі де көбейіп, оларға сабақты алып жүруі де қиындаған.
Алайда білікті мұғалімдердің арқасында бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін. Олар балаға не керегін, қалай істеу керегін жақсы біледі. Өйткені мұғалімдер – әр баламен жеке жұмыс істеп, олардың тілін тапқан жан. Ол жағынан біздің мұғалімдер мықты, – дейді Марина Малгаждарова.
Қызының «қандай маман иесі болатыны уақыт еншісінде» деген анасы оның қандай сала таңдаса да қолдайтынын жеткізді. Айтуынша, медицина саласын таңдағанын қалайды.
«Мектебіміз озық технологиямен жабдықталмаса да, білікті ұстаздан кенде болмады»
Бүгінде көп ата-ана баласын мектепке берерде білікті мамандардан бөлек, білім ордасының материалдық базасын да есепке алып, жан-жақты қарастыратыны белгілі. Сондай ата-ананың бірі – Жансая Базарбай. Оның ұлы Бекнар Нұрсұлтанұлы биыл 1-сыныпқа барады.
– Жамбыл әкімдігінің Білім басқармасы Жуалы ауданы білім бөлімінің «Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейі (РО)» КММ – білім берудің барлық мүмкіндігі бар мектеп, мұнда сапалы білім мен саналы білімге қажетті барлық жағдай жасалған. Мектеп Stem кабинет, телестудия, цифрлық технологиямен толық қамтылған. Соның арқасында ұстаздардың шығармашылығын арттырып, баланың оқуға деген ынтасын оятады.
Әрине, ертеңгі болашағы үшін балаға сапалы білім беру керек. Сол жағынан келгенде білім ордасын ғана емес, оған сабақ беретін мұғалімді де таңдап, талғайтынымыз бар. Біздің қалауымыз осы лицейге түсті. Мұнда материалдық база жақсы жинақталып қана қоймай, білікті де тәжірибелі мұғалімдердің басын қосқан. Әсіресе, Әсем әпкеге түскеніне ризамын. Ел ішінде өзінің кәсібилігімен көзге түскен жан, – дейді Жансая Базарбай.
Айтуынша, ұлы момын болғанымен, тұйық емес. Керісінше, ортаға тез сіңісіп кететініне сенімді.
«Негізі балам әскери қызметкер болса деймін, бірақ бәрі уақыт еншісінде. Оның үстіне, оң-солын танып білгенше арман-мақсаты да өзгереді. Сондықтан ол қандай таңдау жасаса да қолдаймын. Бастысы – мақсаты биік болсын», – дейді Бекнардың анасы.
Жансая Базарбай өзі мектеп табалдырығын 2005 жылы аттаған екен. Түркістан облысының тумасы алғашқы қоңырауға анасымен бірге барған.
– Сол бір күн әлі есімде. Алғашқы қоңырауға анам апарды. 2017 жылы мектепті бітіріп, бүгінде бір әулеттің келіні, ана атанып, ұлымды білім ордасына тапсыру бұйырып тұр екен. Аллаға шүкір!
Біздің кездегі мектеп өз заманына сай болды. Әрине, қазіргідей озық технологиямен жабдықталмаса да, біліктілігі жағынан ұстаздарымыз кенде емес еді. Біздің қай-қайсымызға білімге деген құштарлықты оятып, білімпаз болуды үйретті. Соның арқасында білім ордамыздың ешқандай кемшін тұсы білінбеді. Ұстаздарымыз аман болсын!, – деді Бекнардың анасы.
Білімнің берік іргетасы – бастауышта
Алматылық Жадыра Ескендірқызы – бүгінде айдай сұлу екі қыздың анасы. «Мектепке тарыдай боп кіресің, таудай болып шығасың» деген өлең жолдары жадында жазылған ананың балаларына талабы да күшейген. Әзірден бастап, мектебінен бөлек қос қызын түрлі үйірмеге жазып қойған. Сондықтан да аяулы ана мектептің жақындығын үстемдік еткен.
– Негізі «Бөбек» мектебіне беруді ойластырғанмын. Алайда бүкіл күнін сол жақта өткізеді екен. Үйірмелерінен қалмас үшін, әдеттегі қалыбын бұзбас үшін үйдің жанындағы Алматы қалалық №23 мектеп-гимназиясына беруді ұйғардық. Оның үстіне, қызым өте ерке. Өзіме әлі кіп-кішкентай секілді. Мектеп табалдырығын аттайды дегенге әлі сене алар емеспін, – дейді Жадыра Құсайынова.
Оның айтуынша, өзінің алғаш сыныпқа барған кезі әлі есінде. 1991 жыл еді.
– Алғашқы біліммен сусындаған мекен – Үржар ауданы Жаңа тілек аулындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп. Бір қабатты ескі ғимарат еді. Онда біз түгілі біздің әке-шешеміз оқыған. Бастауыш сынып мұғалімі – Бәтиман Шұршытқызы өте талапшыл, тік мінезді, қатал жан болатын. Сол кезде мұғалімім менен «нешеге дейін санай аласың?» деп сұрап, мен оған онға дейін және оннан кері санап бергенім бар. Ол кезде компьютер класы болған емес, «химия», «физика» кабинеттері қазіргідей жасақталмаған. Мектептің терезесі пластик, едені паркет болмаған. Соған қарамастан біз білімнен кенде болғанымыз жоқ. Мұғалімдеріміз шетінен білікті, білімді жандар еді, – дейді Жадыра Ескендірқызы.
Өзінің оқу жылдарын еске алған ана бүгінгі күн мен өткен жылдардың айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады.
– Қазіргі мектеп өз заманына сай толыққанды жасақталған. Мәселен, партадан бастап, интерактивті тақтаға дейін сайрап тұр. Оқулықтың өзі көздің жауын алады. Қазір баланың жанына қолайлы, оның тілін табатын мұғалім іздейміз. Осындағы даярлық тобында мұғалімнің әр балаға уақыт бөліп, оның еркелігін көтеріп, мінез-құлқына сай тапсыра беріп, сабағын ойын түрінде өткізді. Сонысымен ұстазы маған ұнады. Біздің кезде баланың емес, мұғалімнің қас-қабағына қарап өстік. Бүгінгі мемлекеттік мектептің кемшін тұсы – сыныпта бала санының көптігі. Осы мәселені бір жақты етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы, үйдің іргетасы берік қаланса, оның тұтастығы мен беріктігі де ұзақ жылдар сақталады. Сол секілді баланың бастауыш сыныпта алған білімі берік болса, оның алдағы білім жолына нық қадам басуына жол ашылады, – дейді Рабиғаның анасы.
Биыл 1-сынып табалдырығын аттағалы тұрған Рабиға Алмасқызы бар-жоғы 6 жаста. Одан үлкен әпкесі Еңлік – 10 жаста, биыл 5-сынып оқиды.
«Маған ертегі айтпашы...»
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғыны Айдана Байғабылова екі баласын да өз мекеніндегі тірек мектебіне беріп отыр. Екінші қызы Айпара биыл 2-сыныпқа өтті.
– Біздің «Күйкен мектебі» – білім беру саласын тұрақты дамыту қорының ауылдық тірек мектептері негізінде салынған. Әрине, былтыр 1-сыныпқа барарда «сабағын алып кете ме, қалай болады?» деп қатты қобалжыдым. Бос әуреге салыныппын, қызым сабағын тез қабылдап, жазуы да жүйеленді. Бұрын ол балабақшаға барғанда арагідік «бармаймын» деп кикілік салатын. Қызығы, мектепке барғалы ондай әдеті сап тыйылды. Партада отырып, сабаққа жауап бергенді қызық көрді. Кәдімгідей сабаққа дайындалып, мұғалімнің берген тапсырмасын мұқият орындауды әдетіне айналдырды. Ұстаздарының қолдауымен оқу жылын жақсы аяқтап шықты, – дейді Айпараның анасы.
Айдана Байғабылова қызын қосымшаға берместен бірден мектепке апарған.
Айтуынша, баланың сабаққа деген қызығушылығын жоймай, алдымен ортаға үйреніскенін қалаған. Айпара – еті тірі, пысық қыз дейді анасы. Енді оны фортепианоға бермек.
– Қазір технология қарқынды дамып жатқан заманда мектептің жаңаруы, құрылымы, әр кабинеттің жабдықталуының өзі көздің жауын алады. Сыныптағы интерактивті тақтадан бастап, баланың қызығушылығын оятатын түрлі мультимедиалық құралдарды сақадай сай етіп қойған. Әрине, соның арқасында баланың сабаққа деген ынтасы артып, оқуын тоқуға септігін тигізіп жатыр.
Ара-арасында қызыма «мектебіміз де сендердікіндей заманауи болмады. Біз екі бала партада отырып, тақтаға шығып, бормен жазатынбыз. Артынан үсті-басымыз әк болатын. Қазіргідей орнында отырып, сенсормен жұмыс істеу деген атымен болған жоқ. Дәлізде қисая салып, тынығып, кітап та оқи аласыңдар. Ол кезде компьютер түгілі оқулықтың өзі жетіспейтін. Екі балаға бір кітаптан тиетін, соның өзіне қуанатынбыз. Бала қалай оқимын десе де, қазір сөрелерің кітапқа лық толы. Бұрын үй тапсырмасын орындау үшін кітапханаға барып, талай кітапты ақтарып, тоздырған едік. Бүгінде іздегені интернеттен тез табылады, терсе – жеткілікті» десең, «маған ертегі айтпашы» деп балаларым сенбейді. Әрине, көзімен көрмеген соң сенбейді. Дегенмен «сендер бақыттысыңдар, сабақты күшті оқу керек, білімді болуың керек» дегенге ойланады, – дейді Айдана Байғабылова.
Үйдің үлкен де осы мектепке оқиды. Айпараның анасы болса 1-сыныпқа 1997 жылы барған екен.
Түйін: Мемлекет басшысы соңғы бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылғанын айтқан болатын. Десе де, ата-аналардың айтқанынан аңғарғанымыз – уақыт өзгергенімен, баланың білімге деген алғашқы қадамының маңызы ешқашан кемімейді. Кеше өздері отырған мектеп партасына бүгін балаларының отыруы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ал заманауи мектептің міндеті – балаға сапалы білім беріп қана қоймай, оның қабілетін ашып, арманына қанат бітіру. Өйткені білімді ұрпақтың болашағы бүгінгі мектептен басталады.