Астанада әл-Фараби мен Конфуций мұрасының байланысын бейнелейтін мүсіннің тұсауы кесілді

Жиында екі ел арасындағы ғылыми-зерттеу жобаларын көбейту, жоғары оқу орындарының байланысын кеңейту, студенттер мен жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері де сөз болды.

Астанада Қазақстан мен Қытайдың білім, ғылым және мәдени байланыстарын бейнелейтін мүсіннің тұсауы кесілді. «Әл-Фараби мен Конфуций: ұлы ойшылдар сұхбаты» деп аталатын туынды Астана Халықаралық университетіндегі Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына тарту етілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл мүсін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген. Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь және BLCU вице-президенті, профессор Чжан Баоцзюнь қатысты.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытып келеді. Екі ел арасындағы байланыс академиялық білім алмасумен шектелмей, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды қамтып отыр.

«Қазақстанда Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының ашылуы – осы жаңа кезеңнің жарқын мысалы. Біздің міндетіміз – университеттердің қазақстандық және қытайлық жастар бір-бірін танып қана қоймай, болашаққа арналған шешімдерді бірлесіп қалыптастыратын ортаға айналуын қамтамасыз ету», – деді Саясат Нұрбек.

Мүсінді жасап шығуға әл-Фараби мен Конфуцийдің адамзатқа ортақ құндылықтарға негізделген мұрасы арқау болған. Екі ойшылдың философиясында білім мен даналыққа ұмтылу, адамгершілік, білімге құрмет және үйлесімді қоғам құру идеялары маңызды орын алады.

Астанадағы композиция екі халықтың тарихи және мәдени байланысын көрсетеді. Бұл өзара ықпалдастықтың бастауы ғасырлар бойы Қазақстан мен Қытайды сауда, мәдениет, білім және идеялар арқылы байланыстырған Ұлы Жібек жолымен сабақтасады. Қазір осы тарихи байланыстар жаңа мазмұнмен толықтырылып, жоғары білім, ғылым және инновация салаларындағы бірлескен жобалармен жалғасып келеді.

Қазақстан мен Қытай мәдениетаралық диалог пен өзара тәжірибе алмасуға да басымдық беріп отыр. Осы ретте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық өркениеттік бастама өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен мәдени әралуандылықты құрметтеудің маңызына тоқталды.

«Жаһандық өркениеттік бастама теңдік, өзара тәжірибе алмасу, диалог және инклюзивтілік қағидаттарына негізделеді. Ол өркениеттер қақтығысы теориясы мен өркениеттік артықшылық идеяларына қарсы бағытталған. Осы арқылы Конфуцийдің «әртүрліліктегі үйлесім» қағидаты мен әл-Фарабидің бейбіт қатар өмір сүру туралы философиялық ұстанымының рухын үндестіреді», – деді ҚХР Елшісі Хань Чуньлинь.

Сондай-ақ жиында екі ел арасындағы ғылыми-зерттеу жобаларын көбейту, жоғары оқу орындарының байланысын кеңейту, студенттер мен жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері де сөз болды.