Жетісу университетіне бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылар қабылданды

Студент атану – жастардың өміріндегі маңызды белестердің бірі.

Кеше ғана мектеп қабырғасында жүрген талапкерлер енді үлкен білім ордасының табалдырығын аттап, таңдаған мамандығы бойынша жаңа өмір кезеңіне қадам басты. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өткен «Болашаққа бірге қадам» атты қабылдау жиыны осы ерекше сәтке арналды.

Биыл Жетісу университетіне бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 2019 білім алушы қабылданды. Жаңа оқу жылын бастайтын жастардың басын қосқан жиынға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, ата-аналар мен студенттер қатысты.

Салтанатты жиында білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған жастарға ақжолтай тілектер айтылып, ардагер ұстаздар бата берді. Олар студенттік кезеңнің жаңа мүмкіндіктермен қатар үлкен жауапкершілікті де талап ететінін атап өтті.

Жиында сөз алған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры, профессор Ермек Бөрібаев жас буынды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім мен ғылым жолындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.

«Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Университет табалдырығын алғаш аттап, үлкен білім ордасының студенті атандыңыздар. Алдарыңызда білім алуға, өз қабілеттеріңізді дамытуға, жаңа достар тауып, болашақ маман ретінде қалыптасуға мол мүмкіндік тұр. Жетісу университеті сіздердің сапалы білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасуларыңызға барлық жағдайды жасауға ұмтылады. Әр жас өзін дамытуға, ғылыми және шығармашылық жобаларға қатысуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға зор  мүмкіндіктер бар. Біз сіздерден ізденіс, жауапкершілік және белсенділік күтеміз. Университеттің жетістігін еселейтін, ел болашағына қызмет ететін білікті маман болыңыздар. Студенттік жылдарыңыз жарқын жетістіктерге толы болсын!», – деді ректор.

Жиын барысында бірінші курс студенттеріне университеттің ішкі тәртібі, білім беру мүмкіндіктері, студенттік ұйымдар мен жастар бастамалары туралы ақпарат берілді. Бұл ретте жас білім алушыларға университет қабырғасында тек кәсіби білім алып қана қоймай, өз қабілетін шыңдап, жаңа бастамаларға жол ашуға мүмкіндік мол екені айтылды.

«Болашаққа бірге қадам» қабылдау жиыны шағын концерттік бағдарламамен жалғасып, алғашқы студенттік күнін бастаған жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.