Алматы облысында стоматолог МӘМС жүйесінен 65 миллионнан астам теңгені заңсыз иемденген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Бұл деректі Алматы облысының прокуратурасы анықтады.
Тексеру барысында екі жеке стоматологиялық клиниканың директоры пациенттердің жеке деректерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізгені белгілі болды.
«Құжаттарда туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені жазылған. Осы мәліметтердің негізінде клиникалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатынан төлем алған. Алайда іс жүзінде аталған қызметтер көрсетілмеген», – делінген қадағалау органының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі хабарламасында.
Қонаев қаласының соты кінәлі адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Мемлекетке келтірілген 65,9 млн теңге көлеміндегі залал толық өтелді.