Ұлттық ұланда «Мектепке жол» акциясы өтті

Ұлттық ұланның әскери бөлімдері де жыл сайын бұл бастамаға белсенді түрде атсалысып келеді. 

Атырау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында игі шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Акцияның басты мақсаты – көпбалалы әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетіп, балалардың жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуына ықпал ету.

Шара Halyk Bank АҚ-ның демеушілігімен өткізіліп, әскери қызметшілердің мектеп жасындағы балаларына оқу жылына қажетті мектеп құралдары табысталды. Атап айтқанда, балаларға мектеп сөмкелері, дәптерлер, қаламсаптар және басқа да оқу құралдары берілді.

– Балаларға жасалған әрбір қолдау – олардың білімге деген ынтасын арттырып, болашаққа нық қадам басуына берілген мүмкіндік. Осындай игі бастамалар әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігі, – деді әскери бөлім командирі, полковник Самет Құлахмедов.

«Мектепке жол» акциясы – қоғамдағы қайырымдылық пен өзара қолдаудың маңызын арттыратын игі дәстүр. Ұлттық ұланның әскери бөлімдері де жыл сайын бұл бастамаға белсенді түрде атсалысып келеді.