Жетісу облысының орталығындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін атқаратын 5514 әскери бөліміне Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков арнайы атбасын бұрды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұдан кейін 1 және 2-батальондарды, сондай-ақ 3-жедел мақсаттағы ротаны аралап, жеке құрамның жауынгерлік қызметі мен күнделікті тұрмысын көрді. Мұндағы сарбаздар күн сайын қала көшелерінде жауынгерлік қызмет атқарады. Бұл міндет қырағылықты, жоғары дайындықты және жауапкершілікті талап етеді.
Сапар барысында Аңсаған Скендерұлы сарбаздардың тұрғын үй-жайларын, асханаларын, оқу және дайындық сыныптарын тексерді. Әскери техникаларға арналған парктың жұмысы да назардан тыс қалмады.
Сонымен қатар ол әскери бөлімнің кинология бөлімшесі мен «Бүркіт» арнайы жасағының қызметімен де танысты. Арнайы бөлімшелердің жауынгерлік даярлығына, қызметтік иттерді дайындау барысына және жеке құрамның кәсіби шеберлігіне назар аударды. Әскери қызметшілер өздерінің күнделікті қызметі мен жауынгерлік міндеттерді орындау барысы туралы баяндады.
Бөлімдегі жағдаймен танысқан Бас қолбасшы жеке құрамның қызмет өткеруіне қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталып, бөлім басшылығына бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде әскери қызметшілердің тұрмысы мен қызмет жағдайын одан әрі жақсартудың жаңа бағыттарын қарастыру міндеті қойылды.