«Көмектесемін» деген волонтер қартты үйінде аяусыз ұрып-соққан

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Петропавлда көшедегі қарт адамға "көмектесемін" деп соңынан еріп, үйіне дейін барып, пәтеріне басып кіріп, оны аяусыз соққыға жыққан 40 жастағы ер адам сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, жантүршігерлік оқиға биыл сәуір айында болған. Спирттік ішімдік ішкен 40 жастағы Денис Исыпов егде жастағы ер адамды байқап, өзін волонтер ретінде таныстырған. Ол қарияға бірнеше рет көмек ұсынған, алайда зейнеткер көмектен бас тартқан. Соған қарамастан Исыпов оның соңынан қалмаған.  Қария 2 келіден астам жүзім сатып алып, 3,5 мың теңге қайтарым ақшасын кеудесіндегі қалтасына салған. Мұны байқаған Исыпов қайтадан оның соңынан еріп, азық-түлігін көтермек болған. 

"Зейнеткердің үйінің жанында сотталушы одан ақша талап еткен. Ол үйіне дейін шығарып салғаны үшін ақы сұраған. Қария ақша беруден бас тартып, кіреберіске қарай бет алғанда қылмыскер оның соңынан ерген. Жәбірленуші пәтердің жанында камера бар екенін ескерткен. Алайда ер адам өзінің волонтер екенін және ресми түрде жұмыс істейтінін айтып, ештеңеден қорықпайтынын жеткізген", – делінген хабарламада.

Қария үйінің есігін ашқан кезде Исыпов басып кіріп, одан ақша талап еткен. Зейнеткер бас тартқан соң, қылмыскер оның маңдайынан жұдырықпен ұрып, басынан бірнеше рет соққан. Тіпті, жәбірленушінің оң көзіндегі протезін де саусағымен басқан. Артынан ас үйден пышақ алып шығып, "өлтіремін" деп қорқытып, ақша талап еткен.

Ақыры зейнеткер амалсыздан ақшасын "волонтерге" берген. Алайда сотталушы пәтердегі басқа да құнды заттарды іздеп, тінте бастаған. Осы сәтті пайдаланған үй иесі кіреберіске жүгіріп шығып, есікті сыртынан жауып тастаған. Қан-жоса зейнеткерді көршілері байқап, полиция шақыртқан. 

"Пәтер ішінде қамалған қылмыскер 5-қабаттың терезесінен шығып, су ағатын құбырмен төмен түспек болған. Бірақ құбыр үзіліп, ер адам құлап кеткен. Оны ауруханаға жеткізіп, кейін полицияға тапсырған", – делінген хабарламада.

Сотта Исыпов кінәсін жартылай мойындап, әрекетін қайта саралап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Жәбірленуші де болған жағдайға қарамастан, Исыповты колонияға жібермеуді өтінген. Ол сотталушыға ешқандай талабы жоқ екенін және оның қоғамнан оқшауламай-ақ түзеле алатынын айтқан.

Алайда сот басқа шешімге келген. Денис Исыпов зорлық-зомбылық қолданып, тұрғын үйге заңсыз кірген тонау әрекеті үшін кінәлі деп танылды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде алты жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот залында-ақ қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.