Президент халық санағын жүргізу тәртібін өзгертпек. Кейбір тұрғын есепке алынбайды

Президенттің әкімшілігі халық санағын жүргізудің қалыптасқан қағидаттарын өзгертуді көздеп отыр. Ел тұрғындарының қай бөлігі санаққа кіреді, кімдер одан тыс қалады деген мәселе пікірталас тудырды.

Financial Times мәліметін негізге алған Aikyn.kz халық санағының неліктен саяси саудаға салынғанын түсіндіреді.

Ақ үйдің бастамасының өзегінде қарапайым статистикалық мәселеден әлдеқайда маңызды саяси тартыс жатыр. Американың халық санағында АҚШ тұрғындарының қай бөлігі саяси өкілдікті айқындайтын санатқа енгізілетіні шешілуде.

Алдымен америкалық халық санағының ерекшелігін түсіндіріп өтейік. Қазіргі жүйе бойынша халық санағы АҚШ-та он жыл сайын өткізіледі. Бұл санаққа азаматтығына қарамастан, ел аумағында тұрақты тұратын барлық адамдар есепке алынады. Бұл көрсеткіштердің саяси салмағы ауыр. Өйткені штаттарға Конгрестің Өкілдер палатасындағы орындар халық санына қарай бөлінеді. Яғни, штаттардың президент сайлауындағы Сайлаушылар алқасындағы ықпалы да санаққа кірген тұрғындардың санынан тікелей байланысты.

Дональд Трамп әкімшілігі ең алдымен халық санағына азаматтық мәселесін қосқысы келеді. Сөйтіп, осы мәліметтерді саяси өкілдікті есептеу кезінде пайдалануды көздейді. Financial Times танысқан АҚШ Санақ бюросының халық санағын өткізу құжатының жобасында жаңа тәсіл заңсыз иммигранттарды және шетел азаматтарының кейбір санаттарын халық санынан алып тастауға мүмкіндік береді. Осылайша, Конгрестегі орындарды бөлуге негіз болатын халық санына заңсыз иммигранттар мен шетелдік азаматтар қосылмайды.

Бұл өзгеріс жүзеге асса, иммигранттар көп шоғырланған штаттардың саяси салмағы азаяды. «Елде қанша адам тұрады?» деген сұрақ «саяси өкілдік үшін кім есепке алынуы керек?» деген мәселеге ауысады.

Бұның экономикалық салдары да бар. Халық санағының нәтижелері тек Конгрестегі мандаттарды анықтау үшін қолданылмайды. Демографиялық мәліметтер федералдық қаржы мен мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін қаражатты аймақтар арасында үлестіруде де маңызды рөл атқарады. Сондықтан есептеу әдістемесінің өзгеруі кейбір штаттар мен қалалардың федералдық бюджеттен алатын қаржысын қысқартады.Алайда Трамптың бастамасы елеулі құқықтық кедергілерге тап болуы ықтимал. АҚШ Конституциясының 14-түзетуінде Өкілдер палатасындағы орындарды бөлу кезінде штаттағы азаматтар ғана емес, «адамдардың толық саны» есепке алынатыны көрсетілген. Сондықтан азаматтығы жоқ тұрғындарды саяси өкілдіктің есебінен шығару Конституцияны түсіндіруге байланысты жаңа даудың өзегіне айналуы мүмкін.

Трамп бұған дейін де халық санағына азаматтық туралы сұрақ енгізуге әрекет жасаған. 2020 жылғы санақ қарсаңындағы бұл бастама сот дауына ұласып, Жоғарғы сот әкімшілік ұсынған негіздемеге күмән келтіргеннен кейін жүзеге аспай қалған болатын.

Жаңа бастаманың талас тудырған мазмұны – осында. Халық санағы енді демографиялық есеп жүргізудің техникалық құралы ғана емес, АҚШ-тағы саяси билік пен өкілдікті қайта бөлудің тетігіне айналуы мүмкін. Президент Трамптың жоспары іске асса, иммиграциялық мәртебе адамның елде тұратынын анықтайтын көрсеткіш қана емес, оның саяси жүйеде қаншалықты «есепке алынатынын» айқындайтын факторға айналмақ. Осы себепті АҚШ-тағы жаңа пікірталастың түпкі сұрағы – халық санағын қалай жүргізу емес, «Трамптың Америкасында кім есепке алынады?» деген мәселеге айналды.