Қытайда актерлер жұмыссыз қалды, сериалдарда ЖИ ойнайды

Кино және онлайн-контент индустриясында ЖИ құралдары актерлерді жаппай алмастыруда. Миллиондаған адамның табыс көзіне айналған салада цифрлық актерлер мен жүргізушілер әлдеқайда арзан екен.

Financial Times басылымының талдауына сүйенген Aikyn.kz жасанды интеллектің актер мен онлайн-контент жасаушылардың кәсібін қалай өзгерткенін түсіндіреді.

Қытайдағы актерлер мен интернет-инфлюенсерлерге жаңа бәсекелес пайда болды. ByteDance компаниясының Seedance 2.0 секілді қуатты ЖИ-модельдері сапалы видеоны аз уақытта, төмен шығынмен жасап береді. Адам қатысатын өндірісті біртіндеп ығыстырып жатыр.

Бейжіңде қысқаметражды фильмдерге түсетін актер әрі продюсер Грег Воллнер бұрын аптасына үш түрлі жобаға қатысқанын айтады. Алайда Seedance 2.0 шыққаннан кейін жағдай күрт өзгерген.

«Биыл Seedance 2.0 шыққаннан кейін цифрлық технологиялардың үстемдігі күшейді. Содан кейін бәрі кері кетті», – дейді Воллнер. Оның сөзінше, көптеген әріптестері сүйікті кәсібін тастап, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болған.

Өзгерістің ауқымын статистика да көрсетеді. DataEye дерегінше, мамырда ByteDance-қа тиесілі Douyin платформасындағы ең танымал 100 анимациялық сериалдың 89-ы жасанды интеллект көмегімен жасалған. Қытайдың интернет-хабар тарату қызметтері қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана елде 128 мың қысқаметражды сериал шығарылған. Бұл алдыңғы жылдың толық көрсеткішінен үш еседен астам көп. Оның 95%-ы ЖИ көмегімен әзірленген.

Бұның креативті еңбек нарығына ықпалы айтарлықтай болмақшы. Бейжің университетінің Ұлттық даму мектебінің есебіне сәйкес, қысқаметражды сериалдар индустриясында 690 мың адам жұмыс істейді. 15 млн адам тікелей эфир жүргізуді негізгі кәсібі ретінде көрсеткен.

ЖИ экономикалық жағынан да адам еңбегінен әлдеқайда тиімді болып отыр. Бұрын 3-5 минуттық драмалық контентті бес адам үш айда дайындаса, қазір бір маман оны небәрі 1-2 күнде жасай алады. Бұндай өндірістің бір минутына орта есеппен 90-120 доллар жұмсалады. Бұл адам актерлермен жасалған контент құнының 10%-ына ғана тең.Осындай өзгерістер электронды саудаға да жетті. ЖИ жасаған цифрлық жүргізушілер тәулік бойы тауар сатады, олардың шығыны адам жүргізушінің құнынан 10 есе арзан. Наурыздағы дерек бойынша, JD.com платформасының цифрлық жүргізушілерін 70 мыңнан астам сатушы пайдаланған. Ал белгілі стример Ло Юнхаоның цифрлық көшірмесі небәрі жеті сағатта 7,7 млн доллар көлемінде сауда жасап, бірқатар тауар санатында адамнан да жоғары нәтиже көрсеткен.

Бұл үрдіс еңбек құқығына қатысты жаңа даулар туғызуда. Кейбір актерлерден жұмыстан кетпей тұрып өз келбеті, дауысы мен орындау мәнерін ЖИ жүйесіне беруге келісім сұралады. Балаларға арналған танымал бағдарламаның жүргізушісі өз цифрлық көшірмесін жасауға келісуіне немесе компанияның басқа актер табуына көну талабына тап болғанын айтады.

Қытай заңгерлерінің айтуынша, соңғы 2-3 жылда жасанды интеллектпен байланысты еңбек даулары айтарлықтай көбейген. Ханчжоудағы осындай алғашқы істердің бірінде сот ЖИ алмастырды деген қызметкерге компаниядан жоғары өтемақы төлеуді міндеттеген. Бұл технологиялық өзгерістермен қатар адамның бейнесі, дауысы мен кәсіби еңбегіне қатысты құқықтарды қорғау мәселесін де күн тәртібіне шығара бастады.