Financial Times сараптамасына сүйенген Aikyn.kz ЖИ-дің нарықтық экономика мен мемлекеттік жоспарлау арасындағы тепе-теңдікті қалай өзгерткенін талдайды.
1989 жылы социалистік жүйенің күйреуі капитализмнің саяси жеңісі деп қабылданды. Алайда екі жүйенің қайсысы ресурстарды тиімдірек бөледі деген экономикалық пікірталас бұдан әлдеқайда ерте басталған. Оның бір жағында Людвиг фон Мизес пен Фридрих фон Хайек, екінші жағында Оскар Ланге мен Абба Лернер секілді экономистер тұрды. Ланге мен Лернер мемлекеттік жоспарлау теориялық тұрғыдан нарықпен бірдей, тіпті одан да тиімді жұмыс істей алады деп есептеді.
Бұл идеяның басты әлсіз тұсын Хайек көрсетті. Оның 1945 жылғы «Қоғамдағы білімді пайдалану» еңбегінде тиімді шешім қабылдауға қажетті ақпараттың экономикада шашыраңқы орналасқаны айтылады. Ол кезде миллиондаған адамның қажеттілігі, мүмкіндігі мен жергілікті жағдайы туралы деректі бір орталыққа жинап, талдау мүмкін емес еді. Ал нарықтағы баға осы ақпаратты ықшам түрде жеткізетін тетік қызметін атқарды.
Цифрландыру бұл шектеуді әлсіретіп келеді. Бүгінде онлайн сауда арқылы баға, қор көлемі, тапсырыс пен сатылым жөніндегі ақпаратты нақты уақыт режимінде жинауға болады. 2008 жылы Гарвард пен Массачусетс технологиялық институтының экономистері бастаған Billion Prices Project интернеттен бағаларды жаппай жинауға болатынын көрсетті. Ал заттар интернеті қолжетімді дерек көлемін одан әрі өсірді.
Жасанды интеллектің басты артықшылығы – осы орасан зор әрі құрылымдалмаған ақпаратты өңдеу мүмкіндігі. Оның үстіне ЖИ қазіргі бағаны талдаумен ғана шектелмей, адамдардың нені қалайтынын, қандай тауарға мұқтаж екенін немесе өндірушінің тауарды қандай бағамен ұсына алатынын болжауға қабілеті өсе бастады. Бұндай тәсілдің алғашқы нышандары жарнама алгоритмдерінен қазірдің өзінде байқалады.
Осы тұрғыдан аса қуатты ЖИ ресурстарды тек ең жоғары баға ұсынған тарапқа берудің орнына, тиімді бөлудің балама жолдарын есептей алады деген болжам жасалуда.
Бірақ бұл жасанды интеллект міндетті түрде социализмге алып келеді дегенді білдірмейді. Керісінше, технология XX ғасырдағы орталықтандырылған жоспарлауға қарсы ең ықпалды дәлелдердің бірі – қажетті ақпаратты жинау мен өңдеудің мүмкін екенін көрсетеді.
Нәтижесінде мемлекет пен бизнес инвестиция көлемін, капиталды бөлу немесе салық саясатын анықтауда ЖИ-ға көбірек сүйенсе, экономикалар біртіндеп жоспарлауға жақындай бастайды. Дегенмен негізгі мәселе технологияға ғана тіреліп тұрған жоқ. Аса қуатты ЖИ адамның мүдделер қақтығысы, ынталандыру жүйесі мен саяси шектеулерінен өтіп, тәуелсіз шешім қабылдай ала ма деген сұрақ әлі ашық күйінде қалып отыр.