Алматы облысының әкімі басқармалар және департаменттер басшыларымен, аудан, қала әкімдерімен елде жарияланған төтенше жағдай кезіндегі облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты селекторлық отырыс өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров көктемгі дала жұмыстары да назарда екенін, бұл бағыттағы шаралар кестеге сай атқарылып жатқанын баяндады. Сонан кейін өңір бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне мониторинг жүргізіп, бағаны тұрақты ұстап тұру бойынша жұмыстар атқарылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, күнделікті тұрмыстағы басты азық-түліктердің жеткілікті қоры бар. Алматы қаласына да қажетті ауыл шаруашылығы тауарлары уақытында жеткізілуде. Дегенмен облыстың бірқатар аймағында көкөніс пен жеміс, жарма және басқа да өнімдер көрсеткіші анықталмағандықтан, бағаны заңсыз көтеру тіркелген. Облыс әкімі халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде іркіліс пен қымбатшылық және ала-құлалық болмауы тиіс екенін ескертіп, кемшіліктерді тез арада түзетуді міндеттеді. Тиісті тұлғаларға шағын бизнеске қолдау көрсету, эпидемиологиялық жағдайға байланысты уақытша пайдаланылмайтын алаңның жалдау ақысын кейінге қалдыру немесе алып тастау үшін келіссөздер жүргізуді тапсырды. Облыс әкімінің тағы бір орынбасары Батыржан Байжұмановтың баяндауынша, қазіргі кездегі ең өзекті мәселе – қауіпті дерттің алдын алуда облысқа 27 жасанды тыныс алу аппараты (ИВЛ) жеткізілмек. Алайда бұл жеткіліксіз, тағы да осындай 83 аппарат қажет. Қазір өңірде арнайы жабдықталған орындардағы төсек-орын жеткілікті. Қажет бола қалған жағдайда оны 11 мыңға жеткізуге мүмкіндік бар көрінеді. Халыққа қызмет көрсету орталығы қашықтан қызмет көрсетуге көшкен. 26 наурыздан бастап барлық мектепке дейінгі мекемелер жабылады. Селекторда облыс басшысы тұрғындардың арасындағы әлеуметтік жәрдемақы төлеуді қажет ететіндерді жедел анықтау қажетін ескертті. Елді мекендерге кіреберістерде жұмыс істейтін тексеріп-өткізу бекетіндегі қызметкерлерді ыстық тамақпен үздіксіз қамтамасыз ету жайы да айтылды.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы