Қазақстан «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанады – Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл туралы «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Президент Қазақстан мен Қытайдың халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, екі ел БҰҰ-ның орталық рөлін нығайту, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа алады.

«Қазақстан «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанады және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сонымен қатар Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына да тоқталды.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымының ең басты құндылығы – өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын «Шанхай рухын» сақтап қалуы. Мен бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде бағалаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимыл екіжақты байланыстармен ғана шектелмейді. Екі ел халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында да ортақ ұстанымдарды ілгерілетіп, өзара үйлесімді жұмысты жалғастырып келеді.

Еске сала кетейік, шілде айында Астанада «Си Цзиньпин Ел басқару жөнінде» кітабының V томының таныстырылымы өткен еді. «Си Цзиньпиннің Ел басқару туралы» кітабының V томына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің 2022 жылғы мамырдан 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі аралықта жарияланған 91 маңызды еңбегі енген.