«Отбасы банк» басқарма мүшелері қанша табыс тапқаны белгілі болды

«Отбасы банктің» басқарма құрамында басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованы қоса алғанда, жеті адам бар.

«Отбасы банк» АҚ басқарма мүшелерінің 2025 жылғы жиынтық сыйақысы бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 36,5 пайызға өсіп, 437 717 596 теңгеге жеткен. Бұл туралы қаржы институты Қазақстан қор биржасында (KASE) жариялаған есебінде мәлімдеді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz

Басшылық мүшелерінің табысының өсуі банктің қаржылық көрсеткішінің жақсаруымен тұспа-тұс келген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік банктің таза пайдасы 5,5 пайызға артып, 127,5 млрд теңгеге жеткен. 2024 жылы бұл көрсеткіш 120,8 млрд теңге болған. Ал банк активтері 5,2 трлн теңгеге дейін өскен.

Есепте әр басшыға төленген нақты сома жеке-жеке көрсетілмеген. Банк мәліметінше, сыйақы көлемі әр топ-менеджердің атқарушы орган құрамында нақты жұмыс істеген уақытына қарай есептелген.

«Отбасы банктің» басқарма құрамында басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованы қоса алғанда, жеті адам бар. Олардың барлығы есепті кезең бойы өз қызметтерін атқарған.

«Отбасы банк» АҚ-ның жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. Ал банктің түпкілікті бақылаушы органы – Қазақстан Республикасының Үкіметі.