«38. Соңғы нүкте» фильмі көрерменге жол тартты

Көркем фильм оқиғасы орманшылардың өмірі төңірегінде өрбиді.

3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрсетіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Фильм табиғи апатпен бетпе-бет келіп, сын сағатта өз қауіпсіздігі мен кәсіби борышының бірін таңдауға мәжбүр болған адамдардың тағдырын баяндайды. 

Көркем фильм оқиғасы орманшылардың өмірі төңірегінде өрбиді. Кейіпкерлердің тағдырын арқау ете отыра, картина адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық, отбасы, кәсіби борыш және табиғатқа жанашырлықпен қарау тақырыптарын қозғайды. 

Сонымен қатар туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына арналған. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, кең прокатқа шықпас бұрын фильм Астана мен Алматы көрерменіне таныстырылды. 

Премьераға кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер, түсірілім тобы мен БАҚ өкілдері қатысты. 

«38. Соңғы нүкте» фильмінің режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сақатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сәбитов сомдады. 

Картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.