Қазақстан атынан Еуропаның клубтық додаларының күзгі кезеңінде қалған жалғыз команда енді «кәрі құрлықтың» бірқатар азулы клубымен күш сынасады. Дегенмен биылғы нәтиже «Қайраттың» еуропалық деңгейдегі әлеуетімен бірге әлсіз тұстарын да аңғартты. Командаға ендігі жерде жекелеген сәтті ойындар емес, тұрақты нәтиже қажет.
Түркістандағы тоқырау
Алматылық клуб Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде екі қарсыласын артта қалдырғанымен, үшінші айналымда Болгарияның «Левскиіне» жол берді. Түркістанда өткен қарымта кездесуде «Қайрат» 0:1 есебімен жеңіліп, екі матчтың қорытындысында 0:2 есебімен есе жіберді. Бұл кездесудің өзіндік қиындығы да аз болған жоқ. Ойын басталған тұста Түркістандағы ауа температурасы +38 градусқа дейін көтерілді. Оның үстіне, алматылық клуб шешуші кездесуді үйреншікті стадионында емес, басқа қалада өткізуге мәжбүр болды.
Матчтың тағдырын ерте соғылған жалғыз гол шешті. Ойынның 8-минутында Рейналдо қашықтан соққы жасап, Темірлан Анарбеков қорғаған қақпадан саңылау тапты. Бұған дейін алаң иелері үшін тиімді шешілуі мүмкін төрешілік эпизод та болған. Александр Мрынскиймен қақтығысқан қарсылас ойыншыны алаңнан қууға негіз бар деп бағаланғанымен, неміс төрешісі Даниэль Зиберт сары қағазбен шектелді. Одан кейін «Қайрат» допқа көбірек иелік етіп, таразы басын теңестіруге тырысты. Алайда шабуылдың соңғы нүктесін қою жағы ақсады. Қарсылас айып алаңына дейін жеткенімен, қауіпті соққы мен нәтижелі шешім жетіспеді.
Жеңілістің бес себебі
«Қайраттың» Чемпиондар лигасынан шығып қалуы футбол мамандары мен жанкүйерлер арасында біраз талқыланды. «Серый CARDINAL» тelegram арнасының авторы Евгений Гончаров алматылықтар-дың «Левскиден» өте алмауына әсер еткен бірнеше факторды атап көрсетеді. Оның пайымынша, ең алдымен екі команданың қазіргі мүмкіндігін таразылау керек. Болгариялық клуб ойыншыларының жалпы нарықтық құны «Қайрат» футболшыларынан шамамен төрт есе жоғары. «Левски» сапында 19 легионер бар, олардың арасында трансферлік құны 3 миллион еуроға бағаланатын ойыншылар да кездеседі. Яғни қағаз жүзінде де қарсыластың мүмкіндігі басым.
Сарапшы екінші бір фактор ретінде сәттілік пен ойын бойындағы толық концентрацияны атайды. Футболда кейде бір ғана сәт, сәтті серпілген доп немесе дер кезінде жасалған қимыл бүкіл кездесудің тағдырын өзгертіп жібереді. Оның пікірінше, «Қайратта» гол соғуға мүмкіндік болғанымен, кейбір эпизодтарда сәттілік жетіспеді. Ал жіберілген гол кезінде қақпашы Темірлан Анарбеков команданы құтқарып қала алмады.
Төрешілік те назардан тыс қалған жоқ. «Серый CARDINAL» авторының пікірінше, алғашқы таймдағы эпизодтардың бірінде төреші «Левски» футболшысына қызыл қағаз көрсетуі мүмкін еді. Егер болгариялық команда ойынның басынан он футболшымен қалған жағдайда кездесудің өрбуі де мүлдем басқа арнаға бұрылуы ықтимал еді. Алайда сарапшы жеңілісті тек төрешінің шешімімен байланыстыруға болмайтынын айтты. Негізгі айырмашылығының бірі – шабуылдағы креатив пен қосалқы құрамның мүмкіндігі. «Левски» бапкері ойыншыларын алмастырған кезде команда ойынының сапасы айтарлықтай төмендеген жоқ. Ал «Қайраттың» таңдау мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі болды. Жоржиньо мен Александр Мартыновичтің көмегіне жүгіне алмауы, сондай-ақ Дастан Сәтпаевтың Англияға ауысуы команданың әлеуетіне әсер еткен.
Бесінші себеп – өз алаңынан тыс жерде ойнау. Сарапшы Алматыдағы 24 мың көрермен мен Түркістандағы шамамен 7 мың жанкүйердің қолдауы бірдей әсер бере алмайтынын алға тартады. Бұған Алматының орта таулы аймақта орналасуы да қосымша артықшылық береді. Мұндай жағдайда ойнауға үйренген «Қайрат» футболшылары үшін бұл фактор өз алаңындағы кездесулерде пайдасын тигізіп келген.
Чемпиондар лигасындағы жолын аяқтаған алматылықтар Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне ауысты. Мұнда «Қайратты» Бельгияның «Андерлехті» күтіп тұрды. Алайда бұл қарсылас та осалдық танытпады. Екі кездесу де 3:0 есебімен бельгиялық клубтың пайдасына шешілді. Осылайша, «Қайрат» Конференциялар лигасына түсті. Бір қарағанда, Чемпиондар лигасынан басталған сапардың үшінші деңгейлі еурокубокқа дейін сырғуы сәтсіздік болып көрінуі мүмкін. Алайда биыл Қазақстан клубтарының арасынан еурокубоктың күзгі кезеңіне жеткен жалғыз команда – «Қайрат». Сондықтан ендігі міндет турнирге қатысумен шектелмей, нақты нәтиже көрсету болмақ.
Жеребе де алматылықтарға оңай қарсыластарды берген жоқ. «Қайрат» сырт алаңда Италияның «Аталантасы», Нидерландтың «Твентесі» және Латвияның «Ригасымен» кездеседі. Ал Алматыда Грекияның «Панатинаикосын», Румынияның «Университатя Крайовасын» және Швецияның «Мьельбюін» қабылдайды. Әсіресе «Панатинаикоспен» кездесу қазақстандық жанкүйерлер үшін қызық болмақ. Грек клубының сапында Еуропа футболында есімі белгілі ойыншылар бар. Франция құрамасында 71 кездесу өткізген Мусса Сиссоко мен Нидерланд құрамасының тәжірибелі қорғаушысы Стефан де Врей секілді футболшылардың Алматыға келуі – «Қайраттың» жас ойыншылары үшін де үлкен мектеп.
«Мықты бапкер керек»
Дегенмен мәселені бір маусымдағы қарсыластардың атағымен немесе бірнеше матчтың нәтижесімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Спорт журналисі Ермұхаммед Мәулен «Қайрат» келесі деңгейге көтерілгісі келсе, еурокубоктағы жетістікті кездейсоқ құбылыс емес, тұрақты үрдіске айналдыруы қажет деп есептейді.
– «Қайрат» ары қарай дамығысы келсе, Чемпиондар лигасы болмаса да, Еуропа лигасына тұрақты түрде шығып тұруы қажет. Оған кіргеннен кейін де үш-төрт команданы жеңіп, абыройлы нәтиже көрсету керек. Академиядан түлеп ұшқан ойыншылардың деңгейін көтеру үшін де мықты бапкер қажет, – дейді Е.Мәулен.
Расында, «Қайраттың» басты артықшылығының бірі – өзінің футбол академиясы. Соңғы жылдары клуб жүйесінен шыққан жас ойыншылар негізгі құрамға қосылып, халықаралық деңгейде де көзге түсе бастады. Бірақ талантты футболшы тәрбиелеу бір бөлек те, оны Еуропаның жоғары қарқынына бейімдеп, тұрақты деңгейге жеткізу – екінші мәселе. Бұл үшін ішкі бәсеке, тәжірибелі ойыншылар мен сапалы бапкерлік мектеп қатар жүруі қажет. Ермұхаммед Мәулен осы тұста команда тізгінін тәжірибелі еуропалық маманға сеніп тапсыру мәселесін көтереді.
– Қазақстанда үш жыл қатарынан командасын чемпиондыққа сүйреп жатқан бапкер жоқ. «Қайратқа» атақты, еуропалық бір маман келсін. Ал қазіргі бас бапкер Рафаэль Уразбахтин соның көмекшісі болса деймін. Уразбахтин академиядан шыққан ойыншыларды жақсы біледі. Сондықтан олардың әрі қарай дамуына көмегін тигізер еді, – дейді спорт журналисі.
Әрине, бапкер ауыстыру барлық мәселені бір сәтте шешетін сиқырлы тетік емес. Оның үстіне, Рафаэль Уразбахтиннің тұсында «Қайрат» еурокубоктың күзгі кезеңіне дейін жетіп отыр. Бірақ «Левски» және «Андерлехтпен» болған кездесулер қазақстандық клуб пен Еуропаның бәсекеге қабілетті командалары арасындағы айырмашылықтың әлі де бар екенін көрсетті. Әсіресе қосалқы құрамның тереңдігі, шабуылды нәтижелі аяқтау және жоғары қарқынды 90 минут бойы ұстап тұру мәселесі анық байқалды.
«Қайраттың» биылғы еурокубок жолы осы тұрғыдан клубқа көп нәрсені көрсетіп берді. Чемпиондар лигасындағы «Левски», Еуропа лигасындағы «Андерлехт» команданың қай тұста ақсайтынын аңғартса, Конференциялар лигасы сол кемшіліктерден қаншалықты қорытынды шығарылғанын көрсететін алаң болмақ.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ